Дәстүрлі «Театр көктемі-2013» фестивалі биыл Камал Қармысовтың 100 жылдығына арналады

Жыл сайын наурыз мерекесі мен Халықаралық театр күні қарсаңында өткізілетін бұл шара кезінде өнер ордасында 2012 жылдың наурызынан бері қойылған жаңа спектакльдер көрсетіліп, сарапқа салынады. Биылғы бағдарламаға Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?...», Д. Кобурнның «Жынойнақ», Ә.Рахимовтың «Шәкәрім», Н.Оразалиннің «Шырақ жанған түн», Т.Әбдіковтің «Ұлы мен Ұры» қойылымдары еніп отыр.
Камал Қармысов 1912 жылы 24 сәуірде қазіргі Алматы облысы Жамбыл ауданы Беріктас ауылында өмірге келіп, 1991 жылы 21 мамырда Алматыда көз жұмған болатын. Ол 1927 жылдан бастап Алматы сауда қызметкерлері клубының драмалық үйірмесіне белсене араласып, 1930 жылы Риддер жұмысшы-жастар театрын ұйымдастыруға қатысады. Ал 1931 жылы Қазақ ақадемиялық драма театрының құрамына қабылданып, үлкен сахнадағы алғашқы рөлін Т.Жароковтың «Қанды таяқ» спектакліндегі ұрыдан бастайды. Одан кейін әр жылдары «Абайдағы «Керім, «Қозы Көрпеш -Баян сұлудағы» Қозы, Жантық, «Намыс гвартиясындағы» Төлеген Тоқтаров, «Шоқан Уәлихановтағы» Гасфорт, «Құлының меніңдегі» Қаражан, «Шыңырау түбіндегі» Барон, «Ревизордағы» Хлестаков, «Сараңдағы» Гарпагон, «Отеллодағы» Яго және тағы басқа да бейнелерді сомдайды. Сонымен қатар 1945 жылдан «Абай әні», «Махаббат дастаны», «Дала қызы», «Біздің сүйікті дәрігер» сияқты бірқатар киноларға түседі. Өнердегі ерен еңбегі үшін 1957 жылы Қазақ КСР-нің халық артисі, 1980 жылы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанып, «Құрмет белгісі», Халықтар достығы және 2 рет Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталады.