«Дауылда мерт болған сарбаз» — Эксгумация нәтижесі өлімнің шын мәнінде неден болғанын ашып берді

ұлан
Коллаж: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Сарбаздың мәйітіне эксгумация жасалған, оның қорытындысы бойынша әскери міндетін өтеуші жігіттің өліміне қатысты тың мәліметтер анықталып отыр. Kazinform агенттігінің тілшісі марқұмның анасы Индира Туғанбаеваға хабарласқан еді. 

«Былтыр 8 желтоқсанда жасалған эксгумация қорытындысы бойынша пышақталғаны анықталды, ал палатка пышақтамайды ғой (шатырдың темір жақтауы басына тиіп жарақат алған). Балам сағат 19:00–де қайтыс болған, ал дауыл сағат 21:00–де басталған. Дауыл болды дейді, бірақ келген балалар дауылдың болмағанын айтып жатыр», — деді Индира Туғанбаева.

Сондай-ақ, марқұмның анасы әскердегі баласының атына несие алынғанын мәлім етті.

«Офицер алдымен мойындамады, банктен қағазын алғаннан соң мойындады. Екі ұялы телефон және ақшалай алған. Офицер бәс тігуге құмар болған. Балам 9 тамызда (2022 жыл) қайтыс болды, 10 тамызда офицерді жұмыстан шығарып жіберген. Желілерде, бүкіл жерде баламды темекімен күйдіргені (8-9 жерден), тұншықтырғаны шығып жатыр, оны сараптама қорытындысы көрсетпеді. Өйткені, біз сараптаманы 1,5 жылдан кейін жасаттық. Ал темекімен күйдіргенін баламның сүйегін жууға кірген туған ағам байқаған, оны маған 2 айдан кейін айтты. Баламның денесін көрген кезде сол жақ көзінің көгергенін және мойнынан іздерді байқап, бақырып жыладым, одан әрі күйеуім көрмей-ақ қой деді. Сүйекті жуғанда ағам да, күйеуім де баланы тұншықтырғанын байқаған, мен оларға неге сол кезде айтпадыңдар дедім», — дейді ол.

Оның айтуынша, екінші сараптаманы ішкі істер органдары жүргізген, ал сарбаздың жақындары тәуелсіз сарапшыны тартқан. Сараптаманың қорытындысы көрсеткендей сарбаз ауруханаға әкелгенде, сағат 21:00–ге дейін қайтыс болып кеткен. Марқұмның ата-анасына өтемақы, мемлекеттік марапат ұсынылған.

«Бізге пәтер және 5 млн теңге ақшалай бергісі келді. Сонымен қатар қызымды оқуға түсіріп, екі қызыма шот ашып, әрқайсына 1,5 млн теңгеден береміз деді, оның бәрінен бас тарттық. Олар менің үйім жоғын, жалдап тұратынымды білетін еді. Марапаттан да бас тарттық», — дейді И. Туғанбаева.

Алмас Шахимов
Фото: И. Туғанбаеваның жеке мұрағатынан
Шахимов
Фото: И. Туғанбаеваның жеке мұрағатынан
Шахимов
Фото: И. Туғанбаеваның жеке мұрағатынан

Осы орайда біз істің мән-жайын анықтау үшін Ішкі істер министрлігіне хабарласқан едік.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қатардағы сарбаз А. Шахимовтың қайтыс болу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Сот сараптамаларының қорытындылары арасында бірқатар қайшылықтың болуына байланысты қазіргі уақытта қосымша комиссиялық сараптама тағайындалды. Тергеу жалғасады. А. Шахимовтың ата-анасының дәйектері толық көлемде тексерілетін болады», — делінген ведомствоның жауабында.

​Еске сала кетейік, 2022 жылғы 9 тамызда Ұлттық ұлан сарбазы Алмас Шахимов дауылда әріптестерін құтқарып жүріп қайтыс болған деп ақпарат тараған болатын.

ҚР Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің мәліметінше, қатардағы жауынгер А. Шахимов әріптестерінің қауіпсіз орынға шығуына көмектесіп жүріп өзі соңғы болып шыққан кезде, шатырдың темір жақтауы басына тиіп, жарақат алған.

Ұлттық ұланның ақпаратына сәйкес, жауынгердің ата-анасына заңнамаға сәйкес, 500 АЕК (1 531 500 теңге) және 80 АЕК (245 040 теңге) материалдық көмек көрсетілген және марапатқа ұсынылған.

Соңғы жаңалықтар