Дәуірлік өзгерістерді қалыптастыруға өзге мемлекеттерге ондаған жыл қажет болса, біз оған тәуелсіздік жылдары қол жеткіздік - Г. Әбдіқалықова
АСТАНА. ҚазАқпарат - Көптеген сарапшылар біздің кезең «Назарбаев дәуірі» деп аталатынына кәміл сенімді. Бүгін Астанада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде дәріс өткізген ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова осылай атап көрсетті.
«Көптеген сарапшылар біздің кезең «Назарбаев дәуірі» деп аталатынына кәміл сенімді. Шын мәнінде, өзге мемлекеттерге ондаған жылдар қажет етілсе, біздің тәуелсіздік жылдары өз бойына дәуірлік өзгерістердің аса қуатты қабатын қалыптастырды», - деп атап өтті Мемхатшы.
Оның сөзі бойынша, Еуразияның ортасында орналасқан Қазақстан мемлекеті мейлінше қолайсыз геосаяси, экономикалық және әлеуметтік бастаулар жағдайының өзінде дамудың сатылы серпілісін жасауға мүмкін екендігін айқын көрсетті.
«Сіздер білесіздер, индустриалды дамыған елге айналу үшін Ұлыбританияға 50 жыл қажет болды, АҚШ-қа 50 жылдан астам, Оңтүстік Кореяға 10 жыл мерзім кетті. Сингапур, Тайланд, Малаизия, Индонезия сынды мемлекеттер де қысқа уақытта жетістікке жете алды. Меніңше, Қазақстан да сол елдердің қатарына көп ұзамай енетін болады. Тәуелсіз Қазақстанның тарихы, қазіргі заманғы мемлекеттің даму тиімділігі харизматикалық, пассионарлық және жалпыұлттық көшбасшысының болуымен айқандалатыны сөзсіз дәлелденді. Қазақстан үшін мұндай тұлға, сөзсіз саяси ерік-жігердің арқасында Қазақстан халқын топтастырған, сол арқылы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси тұрғыда түбегейлі өзгерістерді берік негізіне айналдырған - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев», - деді Г.Әбдіқалықова.
Айта кетейік, ҚР Мемлекеттік хатшысы студенттер алдында оқыған дәрісінде Қазақстан Халқы Ассамблеясының ішкі тұрақтылық пен ұлтаралық келісімге қосып жатқан үлесі мен рөлі, Н.Назарбаевтың басты ұлттық жобалары және халықаралық бастамалары туралы тақырыптарды көтерген болатын.