Дауыс беру күні толтырылған бюллетень фотосын таратуға тыйым салынады
АСТАНА. KAZINFORM – 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарын сайлау күнінде толтырылған бюллетень фотосын таратуға тыйым салынады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында комиссия мүшесі Ләззат Сүйіндік мәлім етті.
- «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес, дауыс беру күні толтырылған бюллетеннің фото және немесе бейнетүсірілімін жүзеге асыруға және оны таратуға тыйым салынады, - деді Ләззат Сүйіндік.
Дегенмен оның айтуынша, сайлаушының сайлау учаскесінде суретке түсу құқығына шектеу қойылмайды.
- Мысалы, егер сайлаушының қай партияға дауыс бергені көрінбейтін болса, дауыс беру жәшігінің жанында немесе бюллетеньді жәшікке салу сәтінде де суретке түсуге болады. Дауыс беру күнінен кейін мұндай материалдарды таратуға бұл тыйым қолданылмайды. Өйткені ол дәл дауыс беру күніне қатысты белгіленген, - деді комиссия мүшесі.
Айта кетейік, Құрылтай депутаттарын сайлау барысын 777 халықаралық байқаушы қадағалайды. Оның ішінде 160 байқаушы 42 шет мемлекеттен, ал 617 байқаушы 13 халықаралық ұйымнан тіркелген.