Дауларды медиация арқылы шешу баяу қалыптасуда әрі күтілгендей нәтиже бермеуде - Жоғарғы сот төрағасы

АСТАНА. 20 қараша. ҚазАқпарат - Дауларды медиация арқылы шешу баяу қалыптасуда әрі күтілгендей нәтиже бермеуде.

Дауларды медиация арқылы шешу баяу қалыптасуда әрі күтілгендей нәтиже бермеуде - Жоғарғы сот төрағасы
Бұл туралы бүгін ҚР Судьяларының VІ съезінде Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми айтты. Көптеген елдерде медиация институты дауларды сотқа дейін шешудің тиімді тәсілі ретінде танылып отырғандығын баса айтқан ол: «Өкінішке орай дауларды медиация арқылы шешу баяу қалыптасып келеді және күтілгендей нәтиже бермей отыр. Медиация аясында қаралатын азаматтық-құқықтық даулардың саны аз. Қылмыстық-құқықтық сипатта медиация қылмыстық процеспен көзделген татуластыру институтына айналды. Осылайша іс жүзінде айтарлықтай нәтижені байқап отырған жоқпыз», - деді. Жоғарғы сот төрағасының атап өтуінше, медиация туралы заңның қабылданғанына 2 жылдан астам уақыт өтсе де қоғамның аталған институттан күткен нәтижесі әлі де орын ала қойған жоқ. Сонымен қатар қазіргі уақытта соттар тараптардың медиация рәсімдеріне жүгінуіне ықпал ететін іс жүргізу тетіктеріне қол жеткізе алмауда. Мәселен, Германияда медиация мәселелерімен штаттағы судья айналысады. Ол тараптарға сот барысында істің қалай қаралатындығын түсіндіріп, олардың татуласуына барынша ықпал етеді. «Мұндай тәжірибе қандайда бір шығынды қажет етпейді және оны Қазақстанда табысты қолдануға болады», - деген Қ.Мәми Қазақстанда татуластыру институтын дамытып, енгізіп қана қоймай, сонымен бірге қоғамдағы дауларды соттан тыс шешу жолдарын қарастыру қажеттігін баса айтты.