Дәулет Тұрлыхановтың әскери бөлімнен қашып кеткен ұлы ұсталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Депутат, спорт ардагері Дәулет Тұрлыхановтың Қонаев гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінен қашып кеткен ұлы табылып, қызмет атқаратын орнына жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2023 жылғы 3 шілдеде ішкі істер органдарының қызметкерлері және әскери полицияның әскери қызметшілерімен ұйымдастырылған бірлескен жедел-іздестіру іс-шаралары барысында әскери бөлімді өз еркімен тастап кеткен мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгер Б.-ның орналасқан жері анықталды.

Әскери қызметші қызмет атқаратын орнына жеткізілді.

Аталған факті бойынша қызметтік тексеріс жүргізілуде», - делінген Қорғаныс министрлігінің мәліметінде.

Д.Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат 2 шілде күні мерзімді әскери борышын өтеп жатқан жері - Қонаев гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінен қашып кеткен болатын.

«2023 жылғы 2 шілдеде Қонаев гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінде мерзімді қызметін өткеріп жатқан қатардағы жауынгер Б. қамауға алу мерзімі аяқталғаннан кейін (бұйрыққа бағынбау немесе оны өзгедей орындамағаны үшін гауптвахтада ұстау түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды) әскери қызметшінің сүйемелдеуімен әскери бөлімнің орналасқан жеріне қайтып бара жатқан кезінде белгісіз бағытта қашып кеткен», - деген еді Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.

Н.Болат биылғы ақпанда Алматы қаласында заңгер Анна Дмитриевич пен оның күйеуі Олег Черновты соққыға жықты деп күдіктелуде.

Алматы қалалық Полиция департаменті аталған деректі ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы («Бұзақылық») бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркеді.

Кейін спорт қайраткері Дәулет Тұрлыханов баласының бұзақылық әрекетіне байланысты түсінік берді.

Одан бөлек, Дәулет Тұрлыханов ұлының ісіне араласып жатпағандығын айтты.

Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі Н.Болаттың әскери борышын өтеуді одан ары жалғастыруына қатысты пікір білдірген еді.


Соңғы жаңалықтар