Дәурен Абаев Ақпарат және коммуникациялар министрлігі қызметкерлерін Конституция күнімен құттықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде Конституция Күні қарсаңында салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Дәурен Абаев Ақпарат және коммуникациялар министрлігі қызметкерлерін Конституция күнімен құттықтады

Жиын барысында министр Дәурен Абаев ведомства қызметкерлерін еліміздің негізгі заңының қабылданғанына 21 жыл толуымен құттықтады.

«Еліміздің тәуелсіз дамуы жылдарында Ата Заңымыз өзінің тиімділігін, демократиялығын және азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауға бағытталғанын дәлелдеді. Әрине, осының барлығы Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағының және Мемлекет басшысы саясатының арқасында жүзеге асқаны сөзсіз», - деді ол.

Сондай-ақ, Д.Абаев министрліктің барша қызметкерлері өз саласында отандық құқықтық алаңды жетілдіру мен дамытуға елеулі үлес қосқанын атап өтті. Оның айтуынша, осының арқасында Қазақстанда байланыс пен ақпараттандыру және масс-медиа саласында маңызды реформалар жүзеге асуда.

Сонымен қатар, жиын барысында министрлікке қызметке қабылданған мемлекеттік қызметкерлердің ант беру рәсімі өтті.