Дәурен Абаев АҚШ Мемхатшысының Қазақстанға сапарына қатысты пікір білдірді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның Қазақстанға сапары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұл өте маңызды сапар болды. Оның Ташкенттегі С5+1 форматындағы Орталық Азия мен АҚШ елдерінің сыртқы істер министрлерінің кездесуі аясында болғанын ұмытпайық. Менің ойымша, Вашингтон кезекті рет өздерінің сыртқы саясатында біздің өңірдің маңызды екенін көрсетті және бұл қалыпты жағдай», - деді министр «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.
Сонымен бірге, Д. Абаев геосаяси тұрғыдағы кейбір сарапшылардың сыни пікірлеріне жауап берді.
«Қазір халықаралық қатынастардың биполярлы жүйесі санаттарымен пайымдау дұрыс емес. Қазір «бізбен бірге болмағандар бізге қарсы» қағидасы жұмыс істеген қырғи-қабақ соғыс жоқ. Дәл сол күндері біздің елге Ресейдің жаңа премьер-министрі Мишустин келді. Қазақстан коронавирусқа қарсы күресте Қытайға қолдау көрсету жөнінде ұсыныс жасады. Мұның бәрі қатар жүріп жатты. Бұл – кезінде Нұрсұлтан Назарбаев енгізген және бүгінде Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырып отырған көпвекторлы саясаттың жарқын көрінісі», - деді ведомство басшысы.
Еске сала кетсек, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео 1 ақпан күні Қазақстан астанасына келді.
Сапар аясында М. Помпео ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті және ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен келіссөздер жүргізді.