Дәурен Абаев: Astana Hub - цифрлы технологиялар ғасырындағы уақыттың әмірі

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Astana Hub» халықаралық ІТ-стартаптар технопаркінің ашылуы - цифрлы технологиялар ғасырындағы уақыттың әмірі екенін түсіну керек. Мұндай пікірді Хабар арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәурен Абаев: Astana Hub - цифрлы технологиялар ғасырындағы уақыттың әмірі

«Astana Hub» жұмысын бастауда Бақытжан Әбдірұлы (Сағынтаев - авт.) да, Асқар Қуанышұлы (Жұмағалиев - авт.) да өте қарқынды жұмыс жүргізді. Сонымен бірге, бұл ретте Қазақстандағы ІТ-қауымдастықтардың да рөлін естен шығармау керек. Ойлап қарасақ, хаб жұмысының іске қосылуы - мемлекет пен ІТ-саланың күшті бірлестіре атқарған жұмысының нәтижесі болғаны анық. Өздеріңіз білетіндей, Президент технопарктің іске қосылуына өзі қатысып, ұсынылған тың технологиялармен танысып, бәріміз атқарған жұмысқа жақсы баға берді», - деді Дәурен Абаев.

Министр өз сөзінде атап өткендей, қарапайым тілмен айтқанда «Astana Hub» дегеніміз - отандық стартап индустриясының даму орталығы. Ол жоғары технологиялы жобаларды қолдауды мақсат тұтады. Сонымен бірге, Дәурен Абаевтың айтуына қарағанда, «Astana Hub» - бүкіл әлемнің қатысушыларына ашық. Ол үшін барлық құқықтық шарттар жасалған.

«Әрине, «Кремнийлі аңғар» (құрамына Apple, Facebook және Google кіретін АҚШ-тағы әйгілі корпорациялар мен компаниялардың штаб-пәтері орналасқан жер) деңгейіне жақындау үшін үлкен күш-жігер, талмас еңбек пен ауқымды инвестиция керек. Бірақ, мұндағы ой мен концепт бірдей. Цифрлы технологиялар ғасырында осындай орталықтарды құрудың өзі - уақыттың әмірі екенін түсіну керек. Біз технологиялық даму даңғылынан шаң қауып қала алмаймыз. Бізде барлық жағдай: дарынды жастар, жобаларға салым салуға дайын инвесторлар, өз тәжірибесімен бөлісуге дайын мамандар - бәрі бар. Мемлекет тек инфрақұрылым әзірлеп беруді, бәрін бір жерге тоғыстыруды, құқықтық мүмкіндіктерді құруды өзіне алды. Міне, осы жұмыстарды атқардық», - деді ол.

Министрдің айтуынша, ЭКСПО-ның мұрасы болмағанда, айтылған инфрақұрылымды Қазақстан тез арада сала алмас еді.

Еске сала кетсек, осыдан екі күн бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Astana Hub» халықаралық ІТ-стартаптар технопаркінің жұмысы ресми түрде іске қосылған болатын.