Дәурен Абаев: Дональд Трамптың Нұрсұлтан Назарбаевты Вашингтонға шақыруы - игіліктің нышаны
«Біреумен телефон арқылы тілдесуді айтсаң, ешкім елеңдемейді. Бірақ мемлекет басшыларының бір-бірімен телефонмен сөйлесуі - толыққанды кездесумен бірдей. Өйткені онда көптеген мәселелер талқыланады. Ол мәселелерді сыртқы саясат ведомстволары алдын-ала дайындайды»,- деп түсіндірді істің мәнісін министр. Телефондағы тілдесуді жүзеге асыру үшін екі ел дипломаттары қыруар ұйымдастыру іс-шараларын атқарған.
«Телефондағы тілдесуді президенттердің жұмыс кестесіне енгізудің өзі қиын іс. Вашингтон мен Астананың арасындағы 12 сағаттық айырмашылық телефон қоңырауының нақты күні мн уақытын синхрондауды талап етеді. Бұл оңай шаруа емес. Дипломатияда біз біле бермейтін кейбір жайттар бар. Мысалы, телефонмен тілдесу АҚШ президентінің бастамасымен жүзеге асырылды. Бұл да маңызды»,- деді Дәурен Әскербекұлы.
Министрдің айтуынша, телефондағы тілдесуде қос тарап үшін қандай мәселелердің талқыланғаны аса маңызды. «Телефондағы тілдесуге не нәрсе түрткі болды? АҚШ президенті Д. Трамп ЭКСПО-ға америкалық делегацияны жіберген болатын. Сол кездегі әсерлі кездесулердің нәтижесінде екі ел басшылары телефонмен сөйлесті. Бұған қоса, әңгіме барысында АҚШ басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты Вашингтонға ресми сапармен келуге шақырды. Бұл - игіліктің нышаны»,-деп сөзін түйіндеді ведомство басшысы.
Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың 1-ші қыркүйегінде америка тарабының бастамасымен екі ел басшылары телефонмен сөйлесті. Сөйлесу барысында Дональд Трамп Нұрсұлтан Назарбаевты «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін табысты өткізуімен құттықтап, осы шараға америкалық делегацияның қатысуын жоғары бағалады.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде елімізде 29 тамызда төмен байытылған уран банкін ашудың маңыздылығына назар аударып, бұл жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға жасалған қадам екенін атап айтты. Екі ел басшылары әңгіме барысында америка-ресей қарым-қатынастарына ерекше тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу мен Вашингтонның арасындағы диалогтың қалпына келетініне сенім білдірді.
Қазақстан Үкіметі Дүниежүзілік жабайы табиғат қорымен және географиялық қоғаммен бірлесе отырып, тұран жолбарысын қалпына келтіру жөніндегі жобаны қолға алады. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың пайымдауынша, бұл қоғамның назарын аударарлық оқиға. «Балқаш жолбарысының тұқымын қалпына келтіру үшін, қыруар жұмыс жасалады. Ең әуелі экожүйені қалпына келтіру керек. Істі нөлден бастаймыз. Бұл жобаның маңызы өте зор. Келешек ұрпақтар бізге алғыс айтатыны сөзсіз»,- деп мәлімдеді министр «Хабар» телеарнасындағы «Открытый диалог» бағдарламасында.
Оның айтуынша, әлемдегі ең ірі сүтқоректіні қалпына келтіру жобасын қолға алған әрі жалғыз, әрі бірегей ел - Қазақстан. «Егер құпиямен бөлісетін болсма, осынау ізгілікті істің бастамашысы - Нұрсұлтан Назарбаев. Ол өзінің осы шаруасын жария қылғысы келген жоқ. Алайда мен Елбасының Үкіметке осы мәселе бойынша тапсырма бергенін өз көзіммен көрдім»,- деді Дәурен Абаев.