Дәурен Абаев Дубайда The World Government Summit-ке қатысты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Біріккен Араб Әмірліктерінде 12-14 ақпан аралығында өтетін Әлемдік үкімет саммитіне қатысты, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Саммит бүкіл әлемде болашақ үкіметті қалыптастыруға арналған жаһандық тұғырнама болып табылады.
130 үкімет және халықаралық ұйым өкілдері Дубайда мемлекеттік мекемелердің жұмысын талқылауда. Саммит жыл сайын адамзат алдында тұрған әмбебап проблемаларды шешу үшін инновациялар мен технологияларды қалай пайдалану керек екеніне баса назар аудара отырып, үкіметтің келесі толқынына өзекті міндеттер қоюда.
The World Government Summit-тің өткізілуі шеңберінде Дәурен АбаевDubai Media City қызметімен танысты.
Dubai Media City 2000 жылы негізі қаланған. Медиаорталық Dubai Holding құрамына кіреді және медиаиндустриямен, интернет-қолдаумен, жаңалықтарды сүйемелдеумен, фильмдер мен роликтерді шығарумен айналысады. Сондай-ақ медиаорталық баспа өнімдерімен және баспамен айналысады, түсірілім топтары үшін көптеген павильондары да бар. Медиаорталық әлемнің 24 мемлекетіндегі 1300-ден астам медиа компаниялардың қызметін үйлестіруші кластер болып табылады.
Ақпарат және коммуникациялар министрі БАҚ және теле-, киноиндустрия саласындағы осындай тәжірибе Қазақстанға да медиа компаниялардың өзара іс-қимыл жасауы бөлігінде пайдалы болуы мүмкін екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Министр «WAM» ақпараттық агенттігінің атқарушы директоры Мохамед Жәлел Әл-Раисимен кездесті.
Бұл кездесу барысында «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінің бас директоры Әсел Төлегенова мен «WAM» ақпараттық агенттігінің атқарушы директоры Әл-Раиси мырза ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат кәсіби бірлестіктер мен халықаралық ұйымдардағы мүшелік шеңберінде елдер арасында тәжірибемен, жаңалық материалдармен, ақпараттық қызметтермен алмасуды, ынтымақтастықты және үйлестіруді болжайды. Құжат журналистердің алмасу бойынша тағылымдамадан өткізуді көздейді.
«Біз Қазақстан Республикасымен бұрыннан бері тығыз қарым-қатынастамыз, бұл келісім екі ел арасындағы ақпарат саласы бөлігіндегі өзара іс-қимылды күшейтеді, жаңалықтармен алмасуды жеңілдетеді, бір біріміз туралы толығырақ ақпарат беріледі деп үміттенеміз. Біз бірлескен ынтымақтастықта үлкен мүмкіндікті және болашақты көреміз. Сондай-ақ, біз осы бағытта жұмысты бастай отырып, өзіміздің мүмкіндіктерімізді кеңейте аламыз деп ойлаймын», - деді Мохамед Жәлел Әл Раиси.
«Біз араб еліне шақырғандарыңыз үшін алғысымызды білдіреміз. Бұл екі ел арасындағы өзара іс-қимылды жалғастыруға көмектеседі. Біз БАӘ-мен ынтымақтасуға қызығушылық танытып отырмыз. Екі елдің көшбасшылары екі мемлекет арасындағы өзара іс-қимыл жемісті болуы үшін барлығын жасауда. Бұдан басқа, ынтымақтастық шеңберінде 2017 жылғы 10 маусым - 10 қыркүйек аралығында Қазақстанның елордасында өтетін алдағы ЭКСПО 2017 дүниежүзілік көрмесін толық жариялауға ниеттіміз. Табысты ынтымақтасуға үміттенеміз», - деді Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев.
«WAM» ақпараттық агенттігі 1976 жылы құрылған және бүгінде БАӘ-дегі ең танымал ақпараттық тұғырнама болып табылады.