Дәурен Абаев ерте жастан аборт жасату мәселесіне қатысты пікір білдірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ата-анасының келісімінсіз 16 жастан бастап абортқа рұқсат беру мәселесінде қоғам, сарапшылар мен мемлекет арасындағы диалогты дұрыс жолға қою керек. Бұл туралы Хабар арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасына қонақ болған Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

Дәурен Абаев ерте жастан аборт жасату мәселесіне қатысты пікір білдірді

«Шынында да, бұл - өте маңызды мәселе. Ол ұлт денсаулығына тікелей байланысты болғандықтан, мемлекет үшін бұл ретте өте салмақты шешім қабылдау маңызды. Мен мынаны айта кеткім келеді: біріншіден, аталмыш ұсыныспен Денсаулық сақтау министрлігіне БҰҰ ел халқы саласындағы Қоры шығып отыр. Екіншіден, Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселені қоғамдық талқылауға шығарды. Азаматтардың пікірін елеп-ескермей аталмыш норма қабылданбайды. Министрліктің өзі парасатты диалогқа дайын және жуық арада бұл бастаманың барлық оң және теріс жақтарын жариялайтын болады», - деді Дәурен Абаев.

Министрдің айтуына қарағанда, еліміздегі қазіргі заңнамаға сәйкес, 18 жасқа дейінгі жастар ата-анасының рұқсатынсыз тіпті медициналық көмек те ала алмайды. Бұл жерде әңгіме тек аборт туралы ғана емес, медициналық қызметтердің барлық түрі бойынша болып отыр. Сонымен бірге, жастар 15 жастан бастап орташа кәсіптік білім ала алады. Олар өзінің тұрғылықты мекенінен алыс жерде тұрып-ақ, осы білімді алып отыр. Олар еңбек келісімін жасасып, айлықтарын қайда жұмсайтынын шешуге құқылы, қылмыстық жауапкершілік те мойындарында. 16 жастан бастап белгілі бір жағдайларда некеге отырып, бала тәрбиелей де алады.

Дәурен Абаев атап өткендей, 2016 жылы ЮНИСЕФ зерттеу жұмыстарын жүргізіп, оның қорытындысына сәйкес, Қазақстанда және бірқатар Шығыс Еуропа елдерінде жасөспірімдердің 70 пайызы медициналық қызметтерді өздігінен алуға мүдделі екені белгілі болған.

«Бізде ондай мәселе жоқ деп отыра берудің өзі дұрыс болмас еді. Бала мұндай мәселемен бетпе-бет келіп қалған жағдайда, әлбетте, дәрігерлерден, нақты мамандардан кеңес алу өте маңызды. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, Еуропаның көптеген елдерінде аборт ата-ана рұқсатынсыз 16 жастан бастап жасалады. Ресейде меніңше, 15 жастан, Австрия, Грузия мен Украинада 14 жастан бастап солай...», - деді Дәурен Абаев.

Ақпарат және коммуникациялар министрі айтып өткендей, өмірде әртүрлі жағдайлар болады.

«Мектеп жасындағы жүктілік үлкен ұят тірлік ретінде қабылданып жатады. Ақыры, қыздар ата-анасына бұл туралы айта алмай, төтенше қадамға баруы мүмкін. Мұның арты нағыз трагедияға айналуы да ықтимал. Біз жасөспірімдер арасындағы суицид бойынша Қазақстан басқалардан көшілгері кеткенін айтып жатамыз. Халықаралық ұйымдардың бағалауынша, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша үштікке еніп отыр. Оған осы жағдай ғана (мектеп жасындағы жүктілік) себеп болып отыр деп айта алмаймын. Бірақ, өткір себептердің бірі - нақты осы жас кездегі жүктілік. Суицидтен құтылған күннің өзінде кей жағдайда нәрестенің денесі қоқыс жәшігінен табылып жатқан жағдайлар кездеседі», - дейді ол.

Дәурен Абаев тағы бір мәселе - біліксіз мамандар жасайтын заңсыз аборт екенін айтты.

«Мұндай жағдайда ананың денсаулығын сақтап қалу туралы айтудың өзі артық. Ал ұсынылып отырған норма қыздарға мемлекеттің бақылауы арқылы өз бетінше медициналық мекемеге баруға мүмкіндік береді. Ол кезде пациенттің денсаулығы үшін медициналық қызметкерлер жауапты болады», - дейді министр.

Дәурен Абаев сөз соңында бұл ретте дұрыс диалогтың маңызы зор екенін атап өтті.

«Ең бастысы - қоғам мен сарапшылардың, мемлекеттің диалогын эмоциясыз, жан-жақты сараптап, дұрыс жолға қою керек. Өз тарапымыздан айтарымыз - біздің министрлік бұл тақырып бойынша пайымды әңгіме өрбіту үшін кез келген алаңды дайындап бере алады», - деді министр.

Еске сала кетсек, өткен айда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі кәмелет жасына толмаған қазақстандықтардың 16 жастан бастап ата-ана келісімінсіз медициналық қызмет тұтынуға, оның ішінде аборт жасатуға рұқсат беруді ұсынған еді. Министрліктің пікірінше, бұл ерте жаста бала туу санын азайтуға көмектеседі.