Дәурен Абаев осы аптада көңілінен шыққан жаңалықтарды айтты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Ашық диалог» бағдарламасында осы аптада есінде қалған бірқатар жаңалықты атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін Алматы қаласына коронавируспен күресіп жүргендерге 1 000 000 АҚШ доллары көлемінде гуманитарлық көмек жеткізілді. Оны қазақстандық кәсіпкерлер ұйымдастырды. Бұл - дәл қазіргі уақытта ең керек көмек», - дейді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев.
Ол Сәтбаев атындағы университеттің студенті Санжар Құрманғалиұлы өзінің туған ауылы Жаңажолда (Жамбыл облысы) онлайн оқуды ұйымдастыруға көмектескенін айтты.
«Онлайн оқуда мәселе туындаған кезде ол домен жасап, хостингке ақша төлеп, оқытушыларды оқытып, мәселені шешкен. Ауыл тұрғындарының оған деген алғысы зор болады деп ойлаймын. Менің көңілімнен шыққан тағы бір жаңалық – Нұр-Сұлтан қаласында «Бауырсақ» деген керемет челлендж басталды. Көмекке мұқтаж 200 отбасы, 500 балаға бауырсақ берілді. Сондай-ақ, Екібастұз қаласында Мәшһүр Жүсіп атындағы көше бойындағы карантинге жабылған бірінші подъезге сол подъездің тұрғындары жөндеу жұмысын жүргізген. Бұл - өте жақсы үлгі», - дейді ол.