Дәурен Абаев: «Өткен жаз маңызды оқиғаларға толы болды»

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Хабар» телеарнасындағы «Открытый диалог» бағдарламасына қатысқан Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өткен жаздың аса маңызды оқиғаларын атады. Ведомство басшысы қоғамда қызу талқыланған тақырыптардан бөлек үш негізгі оқиғаға ерекше тоқталды. Олар - Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Астанадағы саммиті, Қазақстан мен АҚШ мемлекет басшыларының телефонмен сөйлесуі және тұран жолбарысының тұқымын өсіруді қалпына келтіру.
None
None

«Өткен жаз еліміз үшін маңызды оқиғаларға толы болды. Бір ғана ЭКСПО-ның өткізілуін алсақ, ол айтарлықтай жағымды әсерін қалдырды. Бұл туралы мемлекет басшысы да, көрмені аралаған қарапайым тұрғындар да айтты. Бұған қоса, біздің қоғамда қазақ тілін латынға көшіру, Әбу-Даби Плазадағы оқиға, жаңа оқулықтар және медициналық сақтандыру мәселесі қызу талқыланды. Бұл мәселелерге тоқталмай-ақ қояйын, себебі, олар барынша кеңінен талқыланды»,- деп мәлімдеді Дәурен Абаев.

Өз сөзінде министр өткен жаздың ең елеулі оқиғасының бірі - Астанадағы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының (ИЫҰ) саммитіне айрықша назар аударды. Оның айтуынша, дамыған елдер үшін де мұндай ауқымдағы басқосуды өткізу аса күрделі міндет. «83 елдің делегацисын жинап, мұндай саммит өткізу - ең қуатты мемлекеттер үшін де аса күрделі іс. Бұл жерде барлық мемлекеттік органдар мен ведомстволардың бірлескен қыруар еңбегі қажет. Меніңше, маңызы жөнінен бұл саммит ЕҚЫҰ-ның саммитінен асып түсті. Асып түспесе кем түспегені айдан анық. Өйткен себебі, ЕҚЫҰ-на мүше елдер қай жағынан алсақ та, экономикалық дамуы мен саяси көзқарасы бойынша бір-бірімен тең дәрежеде. Ал күллі ислам әлемінің басын бір жерге қосуға тек мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бақ-беделінің арқасында ғана мүмкін болды. 83 делегацияның 15-ін мемлекет басшылары бастап келді. Мұның өзі аталған шараның өте маңыздылығын көрсетті»,- деп атап өтті министрлік басшысы.

Дәурен Абаев ислам әлемі елдерінің экономикалық даму деңгейі бойынша аса бай және өте кедей болып бөлінетінін тілге тиек етіп, олардың басын бір алаңға тоғыстыру үлкен қажырлы еңбектің нәтижесі екенін айтты. «Мемлекет басшысы осы саммитте - ғылым, инновациялар және ислам әлемін жетілдіру деген тақырыпты көтерді. Қазіргі таңда ислам әлемін радикалдануда деп айыптайтыны құпия емес. Осы тұрғыда 83 делегация талқыға салған тақырыптар айрықша маңызды. Меніңше, Астанада қабылданған декларация барша ислам әлемін дамытуға шынайы қадам жасауға ықпалын тигізеді»,- деп түйіндеді сөзін министр.

Сонымен қатар, министрлік басшысы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жетілдіруге бірер айлар керектігін мәлім етті. «Цифрлы Қазақстан» қазір үлкен маңызға ие болуда. Сіздер білесіздер, жылдың басында мемлекет басшысы өзінің жолдауында мұны атап көрсетіп, біздің алдымызға нақты міндеттер жүктеді. Осы кезге дейін біз халықаралық кеңесшілермен бірге осы мәселені тиянақты түрде пысықтадық»,-деп хабарлады Дәурен Әскербекұлы. Оның айтуынша, бағдарлама 2017 жылдың соңында қабылданады. «Мемлекет басшысы жаңа нәрселерді көріп, бағдарламаны жетілдіруге бізге қосымша уақыт берді. Бұдан ол тиімдірек бола түседі»,- деп түсіндірді ол.   

Соңғы жаңалықтар