Дәурен Абаев спортзалы жоқ ауылдарға жылдам бой көтеретін спорттық нысандар салуды ұсынды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Үкімет отырысында спортзал тапшы ауылды елді мекендерге жылдам бой көтеретін спорттық нысандар салуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жалпы республика бойынша 42 мыңнан астам спорттық ғимарат болса, соның 23 мыңнан астамы ауылды жерлерде орналасқан. Өздеріңіз білетіндей, спорттық инфрақұрылым жетіспеушілігін шешу мақсатымен 100 дене шынықтыру, сауықтыру кешенін салу жобасы іске асырылған болатын», - деді Дәурен Абаев.
Оның айтуына қарағанда, аталмыш нысандардың кейбірі өз мақсатына пайдаланылмайтын болған.
«Салынған кешендер шынымен де спорт нысандарының жетімділігі бойынша ахуалды жақсартқанын айтқым келеді. Бірақ бұлар құны қымбат жобалар екенін айту керек. Шаруашылық тұрғыдан жабдықтауға үлкен қаржы керек. Олардың кейбірі тұрғындары көшіп жатқан келешегі аз елді мекендерде салынып кеткен. Соның салдарынан кейбір кешендер толық қуатымен жұмыс істеп тұрған жоқ. Ғимараттардың құрамында мақсатына сай қолданылмайтын алаңдар бар. Біз осы тәсілді өзгертуді ұсынамыз. Бұл мәселені шешудің бір жолы – жылдам бой көтеретін, шығыны аз нысандар салу. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі ауылдық елді мекендерді пәтер инфрақұрылымымен қамтамасыз ету үшін осындай тәжірибені пайдалана бастады. Бұл – әлдеқайда арзан, функцияналы бай, жылдам тәсіл. Басқа әкімдіктерден осы тәсілді қарастырып көруді сұраймыз», - деді министр.