Дәурен Абаев: Табысты қазақстандықтарды қоғаммен бірлесіп іздейміз

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына лайықты тұлғаларды іздеуге құрамында қоғам белсенділері бар арнайы топ қолдау көрсетеді. Бұл туралы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өзінің Фейсбуктегі парақшасында хабарлады.

Дәурен Абаев: Табысты қазақстандықтарды қоғаммен бірлесіп іздейміз

«Құрметті достар! Әлеуметтік желілердің көмегімен «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына қолдау көрсетуге дайын қоғам белсенділерімен кездесуді үйлестіруге және ұйымдастыруға бір аптаға жуық уақыт кетті. Менің ойымша, қоғамдық бастама көтермей, тек қана мемлекеттік органдардың күш-жігерімен мұндай жобаны ұйымдастыру мүмкін емес. Сондықтан, Махаббат Есен, Зинаида Пак, Павел Коктышев, Арман Нұрғазин және Ержан Бағдатовтармен бірлесе отырып, тәуелсіздік жылдарында зор табысқа жеткенімен халыққа есімі беймәлім қазақстандықтарды  іздеп-табуға, қоғамға танытуға азаматтық қоғаммен бірлесіп әрекет жасау туралы шешім қабылдадық»,- деп жазды министр өзінің парақшасында. Дәурен Әскербекұлының айтуынша, аталған топтың атауы әзірше - «100 Бюро». «Алдағы жоспарларымыз туралы өзіміздің әлеуметтік желілердегі жазбаларымызда тұрақты хабарлап отырамыз»,-деді министр.

Айта кетерлігі, бұған дейінгі өткен жұмыс тобының отырысында Дәурен Абаев қандай оқиғалар, қандай тұлғалар «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына кіруі қажеттігін түсіндіріп берген. Сол отырыста ведомство басшысы: «Біз жұртқа есімі таныс адамдарға емес, өз арамызда жүрген әлі халық білмейтін табысты қазақстандықтарға назар аударуымыз керек»,- деп қадап айтты.

Министрдің пайымдауынша, Елбасы ұсынған жобаның негізгі мақсаты - тәуелсіздік жылдарында заманауи Қазақстанның дамуына белгілі бір үлес қосқан адамдарды үлгі ете отырып, қоғамдағы табыстылық идеяларын, меритократия қағидаттарын, бәсекеге қабілеттілікті, нақты адамдардың мысалында прагматизм және білім мәдениетін насихаттау және ақпараттық жағынан қолдау жолымен қоғамдық сананы жаңғырту болып табылады. - Бұл - жас ұрпаққа өмір жолы өнеге боларлық біздің замандастарымыздың табысының тарихы. Олардың өзгелерден айырмашылығы, өзін-өзі дамытуға және өзін-өзі оқытуға деген тұрақты құлшынысы екені анық,- деп түсіндірді министр.

Атап айтарлығы, жобаға қай салада атқаратын қызметіне қарамастан, табысқа жеткен еліміздің кез-келген азаматының тарихы таңдап алынады. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасындағы табыстылық дегенде еліміздің өмірінің әртүрі салаларында өзінің жеке басының қасиетімен, талантымен, білімімен және еңбекқорлығының арқасында дамуға қол жеткізген, қазақстандық арманды жүзеге асырған қарапайым адамдарды айтып отырмыз»,- деді Д. Абаев.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақстандықтардың жетістіктерінің тарихына жұрттың назарын аудару үшін «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын іске асыруды тапсырған болатын. «Тәуелсіздігіміздің жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 25 жыл болды. Әрине, жасалған жұмыстардың маңызы мен ауқымына ешбір күмән жоқ. Дегенмен, осы қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр»,- деп жазды Елбасы аталған мақалада.