Дәурен Бабамұратов: Қоғамдық кеңес - билік пен халықты байланыстырушы құрылым

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің осы күнге дейінгі қызметі мен тәжірибесі туралы «Болашақ» республикалық қозғалысының және «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы, сондай-ақ аталған кеңестің  мүшесі Дәурен Бабамұратов баяндап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Қоғамдық кеңес өз қызметін тұрақты және жүйелі негізде жүзеге асырады. Негізгі ерекшелігі - әкімшіліктен тыс жерде орналасуы. Бұл өте маңызды. Біз о бастан онда отырмаймыз деген шешім қабылдадық. Себебі, халықта «әкімшілік ғимаратының ішінде отырса, ол әкімнің, мемлекеттік органдардың қарамағында болады, бұл әкімнің қоғамдық кеңесі» деген жансақ пікір қалыптасқан. Шын мәнінде, қоғамдық кеңес әкімнің немесе мемлекеттік орган басшысының қарамағындағы емес, тәуелсіз кеңес», - дейді Дәурен Бабамұратов.

Оның сөзінше, кеңестің тағы бір ерекшелігі - «Алматы кеңесі» деген ресми сайты бар. Кеңестің қызметі, талқылаудағы мәселелер, ұсыныстары сол жерде жарияланады. 2016 жылдан бастап атқарылған жұмыстарды жұрт сайттан көре алады.

«Өз тарапымнан біршама дүниеге тоқталсам деген ойым бар. Бірінші мәселе - сайт мәселесі. Менің ойымша әрбір қоғамдық кеңестің міндетті түрде  ақпараттық орталығы, яғни сайты болуы керек. Өкінішке орай, барлық жерде мұндай емес. Әрине, бұл қосымша қаражат, қосымша адамның қызметін талап ететін шығар. Бірақ, ақпараттық сайттың болуы, менің ойымша, заман талабы. Себебі, күнделікті тұрақты түрде атқарылып отырған жұмысқа қатысты ақпаратты алу үшін халыққа орталық керек, бір жүйе керек. Сонымен қатар, бұл жерде кеңестің мұрағаты қалыптасады. Бұл, сөзсіз, қоғамдық кеңестің қызметін жетілдіреді деп ойлаймын», - дейді ол.

Кеңес мүшесі мұндай кеңестер әлеуметтік желілерге де көңіл бөлу керек екенін айтады.

«Біз ақпараттық қоғамда, технологиялар дамыған заманда өмір сүріп жатырмыз. Кеңестердің жұмысын да осыған бейімдеу керек. Біздің Facebook әлеуметтік желісінде өз парақшамыз бар. Бұл парақшада қоғамдық кеңестерге, жиналыстарға, отырыстарға, тыңдауларға, даулы сұрақтарға, өзекті мәселерге қатысты  ақпараттың барлығы толық түрде жарияланып отырады. Мысалы, 2016 жылғы қызметіміздің қысқаша есебін 5000-нан астам адам қарап, хабардар болған. Бұл жақсы нәтиже және ақпаратқа қолжетімділік пен ашықтықтың айқын көрінісі. Сондықтан қоғамдық кеңестерде әлеуметтік желіде парақшалары болып, сол жерде толық ақпаратты беріп отыратын болса, сөзсіз жұмыстың тиімділігін арттырар еді», - дейді Кеңес мүшесі.

Одан бөлек, спикер қоғамдық кеңестер азаматтардың құқықтары, бостандығы мен міндеттеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілерді қарастырып, ұсыныстар беретінін айтады: «Осы мәселе қазіргі уақытта талқыланып жатыр. Оған байланысты сан-алуан пікірлер айтылды. Кейбіреулері осы тармақты заңнан алып тастау керек, кейбіреулері өзгерістер енгізу керек деп есептейді. Менің ойымша, егер біз заң актілерін қарайтын пункті алып тастайтын болсақ, онда қоғамдық кеңес тек қана ұсыныс беретін орган болып қалады. Көптеген жиындардан ешқандай айырмашылығы болмайды. Менің ойымша, бұл функция кеңестердің құзырында қалу керек, ол қоғамдық кеңестер үшін аса маңызды».

Сөз соңында Дәурен Бабамұратов Қоғамдық кеңестердің халық пен билік арасын дәнекерлеуші, билік пен қоғамды байланыстырушы құрылым екеніне тоқталды.

«Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: «Билік оң жақта, халық сол жақта, екеуінің арасы алшақтап кетті, ортасын дәнекерлейтін құзырлы органдар қажет, ортасын дәнекерлейтін азаматтар керек, құрылымдар керек» деп атап көрсеткен. Қоғамдық кеңес - дәнекерлеуші, билік пен қоғамды байланыстырушы құрылым. Оның құзырын одан әрі арттыру үшін құрамының сапасын арттыру қажет. Ол үшін белгілі бір деңгейде балама әдістеме жолдарын қарастыру қажет. Кеңес құрамының сапасы артқан сайын, қызметінің тиімділігі де арта түседі деп есептеймін», - деді ол. 

Соңғы жаңалықтар