Дәурен Сәбитов ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі болып тағайындалды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Дәурен Сәбитов ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі болып тағайындалды.
Бұл туралы өзінің Фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Кадрлармен жұмыс жөніндегі департаментінің директоры Марат Иғали мәлім етті.
Айта кетелік, Дәурен Сәбитов 1985 жылы 7 тамызда Шығыс Қазақстан облысында туған.
2006 жылы Т. Рысқұлов атындағы экономикалық университетті экономист мамандығы бойынша бітірген.
2006 жылдан жеке компанияларда экономист, логистика бойынша бас маман және директордың орынбасары қызметтерін атқарды.
2010 жылдан бастап, ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің Анализ және бақылау басқармасының сарапшысы, ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің Жиынтық анализ және халықаралық қатынастар департаментінің халықаралық қатынастар және мемлекеттік тіл басқармасының сарапшысы, ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және халықаралық қатынастар департаментінің Стратегиялық жоспарлау және бақылау басқармасының сарапшысы, ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінің Құрылымдық бөлімшелер қызметін бағалау басқармасының бастығы қызметтерін атқарды.
2013 жылы ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінің Транзиттік саясат және көлік логистикасы департаментінің директоры болып тағайындалды.
Ал, 2014 жылы қазан айында ҚР Инвестициялыр және даму министрлігінің Транзитті дамыту және көлік логистикасы департаментінің директоры қызметіне ауысты.
Бұған дейін ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Тимур Серікұлы Тоқтабаев ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің вице-министрі болып тағайындалды.