Даусыз жеңіске жету үшін айқын басымдықпен ұту керек — Бапкер Хальзова айқасы туралы

ПАРИЖ. KAZINFORM — Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында бокстан әйелдер арасында алғашқы жекпе-жегін өткізген Валентина Хальзованың жеңілісіне спорт жанкүйерлері күмәнмен қарағаны анық.

хальзова
Фото: Владислав Семенов/ҰОК

Әлеуметтік желіде «қазақстандық Валентина Хальзова мен Панама боксшысы Атеина Бибечи Билон жекпе-жегінде төрешілер бұра тартты» деген пікірлер көптеп тарала бастады.

хальзова
Фото: Владислав Семенов/ҰОК

Осыған орай Кazinform тілшісі бокстан әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалинмен арнайы тілдесіп, шағын сұхбат алып үлгерді.

— Елдос Жәнібекұлы, осыдан бірер сағат бұрын Парижге өзіңіз баптап, алып келген Валентина Хальзова алғашқы жекпе-жегінде төрешілер шешімімен жеңіліп қалды. Әлеуметтік желіде төрешілер тарапынан бұра тарту болды деп жазып жатыр. Сіздің ойыңызша кім жеңді?

— Төреші кімнің қолын көтерді, сол жеңді. Кез-келген спортшы, кез-келген боксшы даусыз, таза жеңіске жету үшін, қарсыласын айқын басымдықпен ұту керек. Сонда ғана ешкім күмәнданбайды.

— Демек, сіздің төрешілерге шағымыңыз жоқ қой?

— Менде шағым жоқ. Хальзова өзі де жекпе-жектен кейін тілшілерге берген сұхбатында қалай бокстасқанын, қай жерден қандай қателік жібергенін айтып берді ғой. Енді бұл тақырыпқа қайта оралудың керегі жоқ деп ойлаймын.

валентина
Фото: Владислав Семенов/ҰОК

Айта кетейік, жекпе-жектен кейін Валентина Хальзова:

— Өзімді үш раунд бойы алда болдым деп ойлаймын. Маған солай көрінді. Төрешілік туралы ештеңе айта алмаймын. Солай болуы керек шығар. Қарсыласым — Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері. Өте тәжірибелі боксшы. Бірақ мен алғашқы екі раундқа қарағанда үшінші раундта әлдеқайда дәлірек болдым, — деген еді. 

валентина
Фото: Владислав Семенов/ҰОК

Айта кетейік, осыған дейін Қамшыбек Қоңқабаев, Асыланбек Шымбергенов және Махмұд Сабырхан Олимпиада ойындарын мерзімінен аяқтаған болатын. 

Енді міне, олардың қатарына Хальзова да қосылды.

Сондай-ақ, осыған дейін ерлер арасында Нұрбек Оралбай, 51 келіде Сәкен Бибосынов, 63,5 келіге дейінгі салмақта Мұхаммедсабыр Базарбайұлы ширек финалға шықты.  

Әйелдер арасында Назым Қызайбай алғашқы жекпе-жегін сәтті бастады. 

бокс
Фото: Владислав Семенов/ҰОК

 

Соңғы жаңалықтар