Дауыс беру күні Орталық сайлау комиссиясына шағымдар түскен жоқ - ОСК

АСТАНА. 5 сәуір. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы өткен 3 сәуір күні Орталық сайлау комиссиясына шағымдар түскен жоқ. Бұл туралы бүгін Астанада сайлаудың ресми қорытындысын жариялаған Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті.

Дауыс беру күні Орталық сайлау комиссиясына  шағымдар түскен жоқ - ОСК

«Дауыс беру күні Орталық сайлау комиссиясына келіп түскен шағымдар жоқ. Ал сол күні облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссияларына барлығы 8 шағым түсті. Олардың барлығы да жедел түрде қаралды», - деді ол.

Оның атап өтуінше, сайлау учаскелерінде дауыс беру мен дауыстарды санау барысын байқауды барлығы 30 266 адам жүргізген. Оның ішінде кандидаттардың сенім білдірген адамдары - 9417, шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушылары мен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері - 1212, саяси партиялардың байқаушылары - 12828, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың байқаушылары - 6212, республикалық бұқаралық ақпарат құралдардың өкілдері - 597 адамды құраған.