Дауыс беру шарасы осы уақытта белсенді түрде, қалыпты жағдайда өтіп жатыр - ОСК
АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Бүгін жергілікті уақыт бойынша, сағат 6-00-де республика бойынша, сайлау учаскелері ашылды»,
деп мәлімдеді бүгін Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов Мәжіліс пен мәслихат депутаттары сайлауының ұйымдастырылуына байланысты өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, дауыс беру шарасы 7-00-де басталды және 20-00-ге дейін жалғасады. Еліміздің батысындағы 4 аймақта дауыс беру Астана уақыты бойынша 21-00-де аяқталады. «Дауыс беру барлығы 9 мың 764 сайлау уачскесінде өтіп жатыр. Орталық сайлау комиссиясының баспасөз орталығы бұқаралық ақпарат құралдарына, республикада тіркелген байқаушыларға және саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерге сайлау барысы туралы жедел ақпараттар беріп отырады. Сағат 10-00-ден бастап, әрбір екі сағат сайын сайлаушылардың дауыс беруге келуі бойынша брифингтер өтеді. Сондай-ақ Бас прокуратураның және Ішкі істер министрлігі мен Сыртқы істер министрлігінің өкілдері де брифингтер ұйымдастырады»,-деді ОСК хатшысы.
Оның сөзінше, осы шаралармен қатар «Қазақстан» және «Хабар» телеарналары Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің қатысуымен сайлау барысы туралы тікелей эфирден хабар береді. «Баршаға мәлім, еліміздің «Сайлау туралы» заңында халықаралық байқаушылар институтының қызметі қарастарылған. Мәжіліс депутаттарының сайлауында Орталық сайлау комиссиясы барлығы 819 халықаралық бақаушыны тіркеді. Сонымен қатар Сыртқы істер министрлігі шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының 155 өкілін тіркеді. Олар республиканың барлық аймақтарында сайлаудың барысын бақылауда. Дауыс беру шарасы осы уақытта қалыпты жағдайда белсенді өтіп жатыр»,-деді Б.Мелдешов.