Дауыс беру және азаматтардың сайлау құқығын жүзеге асыруға кедергі жасау фактілері тіркелмеді - ҚР Бас прокуратурасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дауыс беру және азаматтардың сайлау құқығын жүзеге асыруға кедергі жасау фактілері тіркелмеді. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.

Дауыс беру және азаматтардың сайлау құқығын жүзеге асыруға кедергі жасау фактілері тіркелмеді - ҚР Бас прокуратурасы

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес прокуратура органдары үшін бүгінгі күн жұмыс күні болып саналады және бүгін келіп түскен өтініштердің барлығы шұғыл шешіледі. Қазіргі сәтте прокуратура органдарына дауыс беруді өткізудің шарттарын бұзу, сонымен қатар азаматтардың сайлау құқықтарын жүзеге асыруға кедергі жасау фактілерін қоса алғанда қандай да бір шағымдар мен арыздар түскен жоқ», - деді Н.Сүйіндіков.

Осы орайда ол прокуратура мен орталық және жергілікті жерлердегі сайлау комиссиялары мен мүдделі мемлекеттік органдар тұрақты байланыс орнатқанын атап өтті.

«Сайлау учаскелеріндегі қоғамдық тәртіпті полиция органдары қамтамасыз етуде. Сайлау науқаны сияқты дауыс беру күні де белгіленген тәртіппен елеулі заң бұзушылықсыз тыныш жағдайда өтуде. Ахуалды мониторингтеу және сайлау заңдылығын қамтамасыз ету жұмысы жалғасуда», - деді ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі.