Дайын бизнес дағдарыс кезінде инвестицияның нақты көзі болып отыр- Бекнұр Қисықов
АЛМАТЫ. 23 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстанның франчайзинг нарығында ресейлік брендтердің ықпалы артуда. Бұл Алматыда өткен «Қазақстандағы франчайзингтің 2012 жылғы дамуын моделдеу» деп аталатын дөңгелек үстел жиынында айтылды.
«2012 жылы Қазақстанның франчайзинг нарығына бірқатар факторлар әсер етеді. Кеден одағының құрылуы нәтижесінде Қазақстандағы ресейлік франчайзингтің үлесі артты. Алдағы жылы, менің ойымша, олар 50-60 пайызға дейін ұлғаймақ. Бұрын елімізде американдық брендтер басым болса, қазір ресейлік брендтер теңесіп қана қоймай, өз желілерін кеңейтуде. Енді американдық бренттер Ресей арқылы ғана келеді», - дейді 2-ші рет басылып отырған «Қазақстандағы франчайзинг» кітабының авторы Бекнұр Қисықов. Оның айтуынша, алдағы жылы Ресей Дүниежүзілік сауда ұйымына кірмек. Бұл үрдіске Қазақстан да қосылады. Бұл брендтік активтердің ұлғаюына түрткі болмақ. Сондай-ақ дағдарыс кезінде франчайзинг инвестицияның нақты көзі болып отыр. Өйткені қор нарығы әлі жеткілікті дәрежеде дамымаған. Сондықтан бос ақша дайын бизнеске ағылмақ.
«Алдағы жылда франчайзинг нарығындағы мынадай 10 жаңа трендтер орын алады. Олар - Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған білім беру бағдарламалары; фитнес; экологиялық таза технология; медицина; логистика; үй жануарларын күту; сэндвич; қарт адамдарды күту; СПА орталық және білім франчайзингі. Оның ішінде үй жануарларын күту мен қарт адамдарды күту Қазақстан үшін жаңа желі болмақ. Ал әлемде ең жеңіл және қолайлы саналатын сэндвич франчайзингі тренд жағынан 4-5 қатарға ысырылып отыр», - дейді Б. Қисықов.