ДДСҰ: Эбола вирусы құрбандарының саны 500-ден асты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сьерра-Леоне, Либерия және Гвинея аумағында 3 шілдеден бері Эбола індетіне шалдығудың 50 жаңа оқиғасы тіркелді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қарағанда, аталған дертті жұқтырудың жаңа оқиғаларының жартысы адамдардың өлімімен аяқталды. Яғни, індеттен көз жұмғандардың саны 500-ден асып отыр. Бұдан бұрын бұл вирустан 467 адам құрбан болғаны хабарланған еді, деп жазады Росбалт. Айта кетейік, Эбола қанды безгегі 1976 жылы Судан мен Заир мемлекеттерінің аумағында алғаш рет анықталған болатын. Бұл дертке шалдыққандардың 90 пайызы тірі қалмайтыны белгілі. Естеріңізге сала кетейік, Эбола вирусы наурыздан бастап Гвинеяда белсенді тараған еді. Кейіннен оның ошағы көршілес Сьерра-Леоне мен Либерияда анықталды.