ДДСҰ: Эбола вирусы өте тез таралуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Эбола вирусы Батыс Африкада медицина қызметкерлері аурудың кезекті ошағын бақылауға алғанша, тез жайылып барады, деп мәлімдеді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Маргарет Чан.

ДДСҰ: Эбола вирусы өте тез таралуда

ДДСҰ басшысы Батыс Африка елдері көшбасшыларының саммитінде індеттің таралуы апатты зардаптарға әкеліп, көптеген адам өмірі қиылуы мүмкін екендігін мәлімдеген болатын, деп хабарлады Би-Би-Си.

Сонымен бірге, Маргарет Чан ақпан айынан бері Батыс Африканың төрт елінде 729 адамның өмірін қиған індеттің тоқтауы мүмкін деп атап өтті.

Вирусты жұқтырудың 90 пайызында оның арты өлімге әкеп соғуы мүмкін. Эбола вирусының өзі науқаспен, оның қанымен, органдары және ластанған ортамен байланыста болса, жұғады. Ауруды жұқтыру ерте анықталса, одан емделуге де болады.

Аурудың бастапқы белгілері тұмауға ұқсас, алайда көз бен қызыл иектен қан кетіп, одан кейін ішкі құрылыстан да қан кетіп, соңында өмірлік маңызды органдар жұмысын тоқтатады.

Гвинеяның астанасы Конакридағы аталған вирустан зардап шеккен елдер - Гвинея, Либерия мен Сьерра Леонеден басшылардың қатысуымен өткен саммит барысында дертпен күресу бойынша құны 100 млн. доллар болатын жаңа бағдарлама қосылды.

«Бұл кездесу Эбола вирусымен күресте бетбұрысты сәт болуы керек, - деп мәлімдеді ДДСҰ басшысы. - Аурудың ошақтары жетуге қиын елді мекен аудандарында және халық көп шоғырланған қалаларда тіркеліп отыр. Эпидемияның асқынуына адамдардың шекара арқылы еш бөгетсіз өтуі, тіпті осы дерттің алдыңғы ошақтарында ауа арқылы тарауы себеп болған».

Өз түсіндірмесінде дәрігер Чан вирусты көптеген дәрігерлер, мейірбикелер мен денсаулық сақтау саласының басқа да қызметкерлері жұқтырғанын айтқан. «Осы күні басқалардың өмірін құтқарамын деп 60 медицина қызметкері опат болған. Вирусты, сонымен бірге, бірнеше шетелдік мамандар да жұқтырып алған. Осының бәрі біздің эпидемиямен күресуімізге бар күшімізді салуға әкелді», - деп атап өтті ол.

Осы күні дертке қарсы тұратын тиімді құралдар жоқ. Себебі Эбола вирусына қарсы вакцина жоқ. Эпидемиямен күресте жалғыз ұтымды әдіс - инфекцияны жұқтырған адамды толықтай оқшаулау.

Ғалымдар бұл вирустың табиғатын түсіну соңғы он жылда әлдеқайда жақсарды, деп атап өтуде. Алайда вакцина жасап шығару үшін ол едәуір қаржыны қажет етеді.

Маргарет Чан Батыс Африкадағы жағдай «шұғыл және шешімді шараларды ұлттық, сондай-ақ, халықаралық деңгейде талап ететінін» атап өтті. Өткен төрт онжылдықтағы африкалық тәжірибе Эбола эпидемиясымен күрессе, оны тоқтатуға болатынын көрсеткен.

Кісі өлімінің жоғары деңгейіне байланысты адамдар өз туғандары мен туыстарын өздері қарағанды жөн көреді. Ол вирусты дер кезінде тоқтатуға кедергі болып отыр. Қоғамдық пікір медицина қызметкерлері үшін қауіп төндіруі мүмкін, себебі аурудан қорқу мен оны түсінбеу дәрігерлерге қатысты күш көрсетуге әкеліп соқтырып отыр.