ДДСҰ Қытайдан елдің солтүстігіндегі балалар пневмониясына қатысты ақпараттарды сұрап отыр

 балалар пневмониясы
Фото: MAYUR KAKADE

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, ақпарат бойынша Қытайдың солтүстігінде тарай бастаған пневмонияның белгісіз түрінің ошақтары туралы қолда бар мәліметтердің бәрін сұрады.

Kazinform бұл туралы ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Қытайлық мемлекеттік емес БАҚ хабарлауынша, елдің кей аудандарындағы педиатрия ауруханалары толып қалған.

Қытай билігі осы маусымда тұмаудың көбейгеніне ковидке қарсы шараларды тоқтату себеп болғанын айтты.

ДДСҰ инфекцияның тарап кету қаупін азайту үшін Қытайды шара қабылдауға шақырды.

Ұйым БАҚ-та тараған ақпарат туралы көбірек мәлімет беріп, аурудың таралуын бақылайтын ProMed халықаралық жүйесінің деректерін ұсынуды сұрады.

ДДСҰ сауалынан кейін Синьхуа мемлекеттік агенттігі мақала жариялап, онда Денсаулық сақтау бойынша Ұлттық комиссия өкілдері респираторлық аурулары бар балаларды анықтауға және емдеуге ерекше ден қойып жатқандарын мәлімдеді.

Жақында ғана болған ковид пандемиясынан кейін Қытайда инфекция тарады деген ақпараттың бәрі үрей туғызуы мүмкін. Бірақ ДДСҰ үшін эпидемиологиялық жағдай туралы мәлімет сұрау – қалыпты жағдай.

Бейжің сұрақтарға толық жауап бермейінше, пневмонияның неліктен тарап жатқанын анықтау мүмкін емес.

ДДСҰ дерегі бойынша, Қытайдың солтүстігінде биыл қазан айынан бері тұмауға ұқсас ауру түрлері кейінгі үш жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштерден асып түсті.

Шенеуніктер оған ковидке қарсы қатаң шектеулерді тоқтату себеп болды деп есептейді.

Басқа елдерде, оның ішінде Ұлыбритания мен АҚШ-та да ковид шектеулері тоқтағаннан кейін бірден тұмауға шалдыққандар саны артып кеткен.

- Қытайда балалар респираторлық инфекциясы тарап жатқан тәрізді, себебі бұл – ұзақ локдауннан кейінгі бірінші қыс. Ол респираторлық инфекцияның таралуын күрт азайтып жіберді де, эндемиялық инфекцияға қарсы иммунитет те әлсіреді», - дейді Лондон Университеттік колледжі Генетика институтының профессоры Франсуа Баллу.

Соңғы жаңалықтар