19:49, 21 Шілде 2015 | GMT +5
ДДСҰ: Оңтүстік Суданда шамамен 40 адам тырысқақ ауруынан қаза тапты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Суданда шамамен 40 адам тырысқақ ауруынан қаза тапты. Бұл туралы сейсенбі күні аталған африкалық елдегі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) өкілдері жария етті, деп жазады шетелдік БАҚ.
"Бүгінгі күнге дейін Оңтүстік Суданда кем дегенде 39 адам тырысқақ дерті салдарынан қаза тапты", - делінген ДДСҰ мәлімдемесінде. Сонымен қатар, ұйым ақпаратынша, бүгінде тырысқақ жұқтырудың 1200 оқиғасы ресми түрде тіркелген.
Дәрігерлердің айтуынша, бұл кесел ел астанасы Джуба қаласынан көршілес провинцияларға тез тарап жатыр.
Оңтүстік Суданның Денсаулық сақтау министрлігі биыл мамыр айының ортасында тырысқақ ауруынан бір адам қаза тапқанын мәлімдеген. Ал, маусым айының соңында эпидемияның басталуы туралы ресми түрде хабарланды. Джубадағы босқындар лагері оның ошағына айналды.