19:24, 17 Ақпан 2016 | GMT +5
ДДСҰ: Зика вирусымен күресу үшін $56 млн керек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Зика вирусының тарауымен күресу үшін 56 млн. доллар керек екенін мәлімдеді. Бұл қаржы екпе мен диагностика жүргізуге де бағытталады.

Вирусты тарататын масаларды бақылау үшін ДДСҰ өз қаражатының 25 млн. долларын жұмсайды.
Қазір Зика ауруына қарсы бірнеше вакцина дайындалып жатыр. Оны құрастыруға 15 фармацевтикалық компания жұмылдырылды, деп хабарлады Би-Би-Си.
ДДСҰ хабарлағандай, екпелерді толыққанды сынау бір жарым жылдан кейін басталады.
Осыған дейін ұйым көктемнің келуімен Зика вирусының Еуропада тарау қаупі туындайтынын хабарлаған.
Ол, негізінен, жүкті болуды жоспарлап отырған әйелдер үшін аса қауіпті. Өйткені ол сәбиде микроцефалияның пайда болуына әкеп соғуы мүмкін
Нәрестелер дүниеге келгенде басы кішкентай болып, миының дамуы бұзылады. Бразилияда бұл диагнозбен мыңдаған бала туды.