ДДҰ ауаның ластануынан көз жұматын балалар санын атады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл сайын бес жасқа дейінгі 1,7 миллион бала қоршаған ортаның ластануынан көз жұмады, бұл дүниежүзі бойынша балалар өлімінің төрттен бірін құрайды.
Бұл туралы «РИА Новости» агенттігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына (ДДҰ) сілтеме жасап хабарлады.
«Жыл сайын ластанған ортамен байланысты қауіп-қатерлерден, соның ішінде тұрғын үй ішіндегі және сырттағы ауаның ластануынан, ырықсыз шылым шегуден, тазартылмаған судан, санитарлық талаптардың сақталмауынан бес жасқа дейінгі 1,7 миллион бала көз жұмады», - делінген ДДҰ баяндамасында.
Ұйым қоршаған ортаның қолайсыз жағдайымен байланысты балалар өлімінің бес негізгі себебін атады. Бірінші орында респираторлық аурулар, сырқат салдарынан 570 мың бала қайтыс болады. Тағы 360 мыңнан астам бала сапасыз судан, санитария мен гигиенаның сақталмауынан туындайтын асқазан ауруларынан көз жұмады.