ДДҰ Судандағы балалар үшін ашаршылық қатері туралы ескертті
АСТАНА. KAZINFORM – Судандағы балалар елдегі жалғасып жатқан қарулы қақтығыстар салдарынан аштықтың аз-ақ алдында тұр, деп хабарлайды Анадолы.

Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус мәлімдеді.
X әлеуметтік желісіндегі жазбасында ол елдегі гуманитарлық жағдайдың күрт нашарлағанына назар аударып, «балалар ашаршылық қатеріне тап болып отыр, ал гуманитарлық көмек көрсетіп жүрген қызметкерлер өмірін қатерге тігіп, қаза тауып жатыр» деп атап өтті.
Гебрейесус БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы (WFP) мен Балалар қорына (UNICEF) қызметкерлерінен айырылғаны үшін көңіл айтты.
ДДҰ басшысы гуманитарлық қызметкерлерге жасалған шабуылдарды қатаң айыптап, бейбіт тұрғындарды, инфрақұрылымды және гуманитарлық миссия қызметкерлерін дереу әрі тұрақты қорғауға шақырды.
— Ең жақсы ем — бұл бейбітшілік, — деді ол.
Айта кетелік ДДҰ Газа секторындағы денсаулық сақтау жүйесі қайтарымсыз күйге жетті деген еді.