Декларация тапсыру қағидаларын халыққа кең ауқымды түсіндіру қажет - Мамин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жалпыға бірдей декларациялауды енгізу бойынша жұмысты бекітілген мерзімге сәйкес жалғастыру керек. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпыға бірдей декларациялауды енгізу жеке тұлғалар табысының ашықтығын қамтамасыз етеді. Биылғы жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген адамдар үшін жалпыға бірдей декларациялауды енгізудің бірінші кезеңі басталды. 2023 жылдан бастап мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері декларация тапсыра бастайды. Кейін, 2024 жылдан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары тапсырады. Ал 2025 жылдан бастап азаматтардың барлық қалған санаттары тапсыра бастайды», - деді Үкімет басшысы.

Бұл ретте Асқар Мамин декларация қабылдайтын электрондық сервистер, атап айтқанда салық төлеушінің кабинеті, «Электрондық үкіметтің» веб-порталы және «Е-Salyq Azamat» арнайы мобильдік қосымшасы қазірден бастап жұмыс істей бастағанын айтты.

«Осы ретте, жалпыға бірдей декларациялауды енгізу бойынша жұмысты бекітілген мерзімге сәйкес жалғастыру керек. Сонымен бірге, декларацияны толтыру және тапсыру қағидалары бойынша халық арасында кең ауқымды түсіндіру және оқыту жұмыстарын жүргізу қажет», - деді Асқар Мамин.


Соңғы жаңалықтар