Декларациядан рентгенге дейін: Кеденде қандай жаңа қызметтер енгізіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан кеденінде қағазбастылық азайып, жасанды интеллектінің көмегімен бақылау жүргізу мүмкіндігі кеңейеді. Бұл бағыттағы жұмыстар «Кеден» бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті Кедендік рәсімдерді әкімшілендіру және тауарларды кедендік тазарту басқармасының бас сарапшысы Лаура Нұрғалиева айтты.
Оның мәліметінше, «Кеден» ақпараттық жүйесінің функционалын енгізу жұмыстары 2023 жылы басталған. Жүйе бір ғана қызметті емес, кедендік рәсімдеудің көптеген процесін қамтиды. Өйткені тауарларға декларация толтыру кезінде форматтық-логикалық бақылау, мемлекеттік органдармен интеграция және басқа да сервистердің қатар жұмыс істеуі қажет.
2024 жылы жүйеде экспресс-жүктерге декларация беру, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында жеке пайдалануға арналған тауарларды есепке алу, алдын ала ақпараттандыру, кедендік транзит, тауарларды сақтау және интеграцияланған бақылау қызметтері іске қосылған.
Сондай-ақ рұқсат беру құжаттары мен тізілімдік қызмет электрондық форматқа көшірілген. Кеден ісі саласында қызмет көрсететін тұлғалар енді тиісті тізілімге енгізу туралы өтінішті де «Кеден» жүйесі арқылы бере алады.
Жүйедегі ең ауқымды әрі күрделі модульдердің бірі – тауарларға арналған декларация. Ол 2024 жылғы сәуірде іске қосылған.
Экспресс-жүктерді декларациялау 100 пайыз цифрлық форматқа көшті
Спикердің айтуынша, жаңа жүйенің енгізілуі кедендік рәсімдерді жеңілдетуге мүмкіндік берген. Мәселен, экспресс-жүктерді декларациялау толығымен электрондық форматқа ауыстырылған. Бұған дейін қағаз түрінде жүргізілген бірқатар рәсім енді цифрлық жүйе арқылы жүзеге асырылады.
Ал «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында жеке пайдалануға арналған тауарларды есепке алу бірыңғай жүйеге біріктірілген. Нәтижесінде есепке алынатын тауарлар көлемі төрт есе артқан.
Бұдан бөлек, тауарларды беру кезінде QR-код арқылы биометриялық сәйкестендіру енгізілген. Бұл өзге адамның жеке куәлігін пайдалану арқылы тауар алуға қатысты тәуекелдерді азайтуға бағытталған.
– Жеке пайдалануға арналған тауарларды есепке алу бірыңғай жүйеге біріктірілді. Соның нәтижесінде көлем төрт есе өсті. Сонымен қатар тауарларды беру кезінде QR-код арқылы биометриялық сәйкестендіруді қостық. Бұрын біреудің жеке куәлігін пайдаланатын жағдайлар болуы мүмкін еді. Қазір мұның бәрін биометрия арқылы тексеруге болады, – деді ол.
Декларацияны кез келген уақытта сақтап, өңдеуге болады
«Кеден» жүйесінде тауарларға арналған декларацияны толтыруға қатысты да бірқатар қолайлы функция қарастырылған. Мәселен, декларант немесе кеден өкілі құжатты толтырудың кез келген кезеңінде оны жоба ретінде сақтап, кейін қайта өңдей алады.
Сонымен қатар жүйеде декларациядағы мәліметтерді тексеруге арналған арнайы ескертулер енгізілген. Әсіресе жөнелтуші, алушы және қаржылық реттеуге жауапты тұлға туралы ақпаратты толтыру кезінде қателіктерге жол бермеу маңызды.
– Пайдаланушыларға декларацияны тіркемес бұрын мәліметтердің дұрыс толтырылғанына назар аударуды ұсынамын. Себебі кейбір деректерді бастапқыда қате көрсеткен жағдайда, кейін оны түзету өте күрделі болады. Әсіресе 14-графадағы декларант туралы мәліметтерге қатысты көптеген тексеру мен мемлекеттік органдармен интеграция қарастырылған.
Сондықтан декларацияны жібермес бұрын барлық ақпаратты мұқият тексеру қажет, – деді спикер.
Бұдан бөлек, жүйеде хабарламалар орталығы әзірленген. Оның көмегімен кеден өкілдері мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар декларацияның қай кезеңде тұрғанын, қандай бақылау іске қосылғанын және нақты қай тауарға қатысты тексеру жүргізіліп жатқанын көре алады.
- Кедендік бақылау нәтижесінде қосымша құжаттар қажет болған жағдайда, оларды сұрату және жауап беру процесі де «Кеден» жүйесінде жүзеге асырылады. Бұған дейін мұндай өтініштерді e-Otinish арқылы жолдау қажет болған. Жүйе мемлекеттік органдардың ақпараттық базаларымен де интеграцияланған. Егер қажетті рұқсат құжаты мемлекеттік органдардың деректер қорында болса, пайдаланушы оның нөмірін енгізу арқылы мәліметтерді автоматты түрде жүктей алады. Осылайша құжатты қайта сканерлеп, жүйеге тіркеу қажеттілігі азаяды,- деді комитет өкілі
Кедендік бақылауда жасанды интеллект қолданылады
Қазіргі уақытта «Кеден» жүйесінде интеграцияланған бақылау аясында инспекциялық-тексеру кешендерінің (ИТК) рентген суреттерін талдау сервисі іске қосылып жатыр.
Спикердің айтуынша, сервис тауарлардың 100 санаты бойынша қолданылады. Ал жасанды интеллект негізінде 41 тауар тобы бойынша суреттерді тану моделі бар. Бұл технология рентген суреттерін автоматты түрде талдауға және кедендік бақылау процесін жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жүйеде кедендік тексеру актісі автоматтандырылған. Тексерудің орны мен уақыты туралы хабарлама да пайдаланушының жеке кабинетіне жіберіледі. Осылайша сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар тексеру өтетін орын мен уақыт туралы ақпаратты алдын ала ала алады.
Қандай қызметтер цифрландырылады
Оның айтуынша, алдағы уақытта кедендік сараптама жүргізу операцияларын цифрландыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ әзірге қағаз түрінде берілетін бірқатар өтініш, хабарлама және рұқсат құжаттарын электрондық форматқа көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, кедендік рәсімнің мерзімін ұзарту туралы өтінішті де тікелей «Кеден» жүйесі арқылы беру мүмкіндігі қарастырылуда. Бұған дейін мұндай өтініштерді e-Otinish арқылы жолдау қажет болған.
- Жүйенің тағы бір ерекшелігі – микросервистік архитектура. Бұл белгілі бір сервисті жаңарту немесе жетілдіру кезінде басқа жұмыс істеп тұрған процестерге әсер етпеуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, жасанды интеллектіні кедендік бақылаудың өзге де бағыттарында қолдану жоспарланған. Атап айтқанда, тауарлардың кедендік құнын бақылау кезінде осы технологияны пайдалану мәселесі пысықталып жатыр, - деді Лаура Нұрғалиева.
Комитет өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта «Кеден» жүйесінде кедендік төлемдер мен салықтарды есептеуге арналған жаңа сервисті сынақтан өткізуге дайындық жүріп жатыр. Ол еркін қойма және еркін кеден аймағы сияқты күрделі кедендік рәсімдерді аяқтау кезінде төлемдерді есептеуге көмектеседі. Бұл сервисті сынақтан өткізуге сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар, соның ішінде қазақстандық өндірушілер мен еркін қойма иелерін тарту жоспарланған.
Айта кетейік, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында жүргізілген 948 кедендік тексеру нәтижесінде 29,6 млрд теңге қосымша есептеліп, оның 19,6 млрд теңгесі өндіріп алынды.