Дельфий ойындарына қатысу үшін 500 жас талант елордаға жиналды (ФОТО)

Биыл Дельфий ойындары Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған және «Тарих толқынында» деген тақырыппен өтеді. Осындай салмақты тақырып таңдалғандықтан, ұйымдастырушылар қазақ халқына тән өнердің барлық тармағын қамтуға тырысқан. Жалпы, жас таланттар 20 номинация бойынша жарыспақ. Айта кетерлігі, биыл ойын бағдарламасына бит-бокс пен веб-дизайн номинациялары жаңадан қосылып отыр. Балалардың өнеріне Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсақожаева басқаратын қазылар алқасы баға береді. «Бұл жарыстың бір ерекшелігі, Дельфий ойындарына қатысатын жастар тек жарысып қана қоймай, бір-бірінен көп нәрсе үйренеді, кейін, тіпті, бірге жұмыс істеп, армандарына бірге талпынады. Дельфий ойындары халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалған жарыс. Биыл да ең талантты оқушымызды тауып, халықаралық жарысқа жібереміз деген үміттеміз», - дейді А.Мұсақожаева. Айта кетейік, осы ойындардың жеңімпаздары 2016 жылғы халықаралық Дельфий ойындарында Қазақстанның абыройын қорғайды.