«Делайте» деді: Сотта Шерзаттың әкесі мен куәгерді беттестіру кезіндегі видео көрсетілді

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Бүгінгі сот отырысында марқұм Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов пен іске куәгер ретінде қатысып жатқан Самат Абдықадыр арасында тергеуде болған беттестіру кезіндегі видео көрсетілді.

Шерзаттың соты
Фото: видеодан алынған скрин

Айыпталушылардың адвокаттары сотқа куәгер Самат Абдықадырдың көрсетулеріне қайта оралып, қажет болған жағдайда жәбірленуші Қаржаубай Нұрымовты қайта шақыртуды сұрады.

Қорғаушылардың айтуынша, әлеуметтік желілерде адамдар куәгерге «делайте» деп айтып, қанды оқиғаға бұйрық берді дегені үшін жауапқа тартуды талап етіп жатыр.

Видеода Қаржаубай Нұрымов оқиға болған күні жанжалға қатысушыларға Самат Абдықадыр нұсқау жасап, «делайте» деп айтқанын жеткізді.

– Дүкеннің алдында төбелес болмастан бұрын Нұрбол, Дархан дегендер жігіттерін шақыра бастады ғой. Сол кезде дүкеннің алдына Accent және мерседес көлігі келіп тоқтады. Бұл жігіт (Самат) түсті. Ол қызыл аяқкиімде, күләпарасы (капюшон) бар киімде болды. Оның жанында тағы екі жігіт болды. Екі көлік тоқтап, Самат мерседестегі жігіттердің бәрімен амандасты. Нұрбол, Дархан, Нұрқиястармен амандасты. Нұрқанатпен де амандасып, екеуі сөйлесіп тұрып қалды. «Бір жерден көрдім ғой» деген сияқты әңгіме болды. Мен дүкеннің алдында тұрдым. Нұрқанатқа «мен төбелеспеймін ғой, мен шалмын ғой, төбелеспеймін, мен үшін жігіттер сөйлеседі» деген сөз шықты аузынан. Нұрқанаттан «бәрі дұрыс па?» деп сұрап едім, ол маған «дұрыс, танимын ғой» деді. Сосын мынау (Самат) «делайте» деді. Осы жігіттің аузынан осы сөз шықты, – дейді Қаржаубай Нұрымов видеода.

Бірақ Самат Абдықадыр оны жоққа шығарады.

— Мен «делайте» деп мүлде айтқан жоқпын және төбелеске де қатысым жоқ. Мен бұл жігіттерді танымаймын және олармен амандаспадым, – деп жауап берді ол тергеуде болған беттестіру кезінде тергеушінің сұрақтарына.

Бұрын сотта Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың тергеу кезіндегі бейнежазбасы көрсетілді.

Сонымен қатар оқиға орнына алғаш барған полицейлер куәлік берді.

Оған дейін сот отырысында куәгер Эльмира Нұрбекова жауап берді.

Екінші куәгер қыз Дана Жақсыгелді оқиға туралы баяндады.

Сотта Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов ол кикілжің қалай басталғанын айтқан еді.

 

Соңғы жаңалықтар