Делдалдардың тарифтері мен комиссияларына егжей-тегжейлі талдау жүргізіліп жатыр - Сұлтанов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Делдалдардың тарифтері мен комиссияларына егжей-тегжейлі талдау жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Делдалдардың тарифтері мен комиссияларына егжей-тегжейлі талдау жүргізіліп жатыр - Сұлтанов

«Ұлттық экономика министрлігі әртүрлі монополиялық операторлар мен делдалдардың алатын тарифтері мен комиссияларына егжей-тегжейлі талдау жасауда. Сондай-ақ өңірлердің қаржылық дербестігін кеңейтуді көздейтін бюджетаралық қарым-қатынастар жүйелерін қайта қарауды заңнамалық бекіту бойынша жұмыс жүргізілуде. «Атамекен» палатасын реформалау шегінде шағын бизнес субъектілерін қолдауды және қорғауды күшейту бойынша іс-шаралар пысықталуда. Ұлттық экономика министрлігі осы іс-шаралардың орындалуын ерекше бақылауға алған», - деді вице-премьер.

Оның атап өтуінше, Қаржы министрлігі процестерін толық цифрландырумен қатар бюджеттік жоспарлауды реформалау, сондай-ақ мемлекеттік шығыстардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігін талдау әдістемесін әзірлеу бойынша іс-шаралар қабылдауда.

«Сонымен қатар, уәкілетті экономикалық операторлардың қызметіне қойылатын талаптарды заңнамалық қатаңдату жөнінде ұсыныстар әзірленген. Бүгін кеден постарындағы проблемалық мәселелерді пысықтау, көршілес елдермен өзара саудадағы кедергілерді жою, сондай-ақ кедендік пен салық әкімшілендіру тиімділігін арттыру бойынша іс-шараларды уақтылы қабылдау мәселелерін талқылау үшін Алматы агломерациясына сапарым жоспарланып отыр. Алматы қаласына РФ мен Қырғыз Республикасының тиісті қызметтерінің басшылары шақырылған», - деді ол.

Вице-премьер агломерациялық әкімшіліктермен бірлесіп, Алматы қаласының әкімдігінде сауда саласын дамыту бойынша кеңес өткізілетіндігін айтты.

«Қазіргі уақытта Сауда және интеграция министрлігі Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдіктерімен бірлесіп, сауда нысандарын, оның ішінде ірі базарлардың қызметін ретке келтіру және одан әрі дамыту мәселелерін пысықтауда. Ұсыныстар цифрландыруды ескере отырып, жаңғыртуға және халықтың мүдделері ескеріліп, сауда операцияларын заңдастыруға бағытталатын болады. Жалпы, мемлекеттік органдардың жұмыс бағыты Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы және уақтылы орындауға бағытталады», - деді Бақыт Сұлтанов.