Делиде ұрылар Нобель сыйлығы лауреатының сертификатын ұрлап кетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үндістан астанасы Делиде ұрылар үнді құқық қорғаушысы және Нобель сыйлығының лауреаты Кайлаш Сатьяртхидің үйінен Нобель медалінің көшірмесі мен сыйлық туралы сертификатын қолды етті, деп хабарлайды Би-би-си.

Делиде ұрылар Нобель сыйлығы лауреатының сертификатын ұрлап кетті

Сатьяртхидің өзі қазір шетелде екенін мәлімдеді. Ал, ұрлық сейсенбі күні таңертең, үйде ешкім болмаған уақытта болған.

«Үйдегі есіктің құлпы бұзылған, менің сертификатым мен медальдің көшірмесі, сондай-ақ кейбір заттарды алып кеткен. Біз үйден тағы не жоғалғанын тексеріп жатырмыз», - деді белсенді.  

Үндістандық БАҚ-тың ақпаратына сүйенсек, ұрылар үйден бағалы заттар мен электрониканы жымқырып кеткен.

2014 жылы Кайлаш Сатьяртхи  пәкістандық құқық қорғаушы Малала Юсуфзаймен бірге әлемдік Нобель сыйлығының лауреаты атанды. Бұл сыйлық Үндістанда балаларды ұрлау мен олардың еңбегін пайдалануға қарсы күрес үшін берілген.