Демалыс күндері еліміздің басым бөлігінде жауын-шашынды болады
АСТАНА. KAZINFORM — «Қазгидромет» РМК 20-22 маусымға арналған Қазақстан бойынша ауа райы болжамын ұсынды.
Алдағы демалыс күндері атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты еліміздің басым бөлігінде қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Жел күшейіп, екпіні артады, кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін. 21–22 маусым күндері еліміздің батысында қатты жаңбыр жауады деп болжанады.
Ауа температурасы 30–38 градусқа дейін жоғарылайды. 21–22 маусымда республиканың солтүстік-батысында және орталығында аптап ыстық күшейіп, ауа температурасы 40–41 градусқа дейін жетеді. Тек батыс өңірлерде ыстықтың беті қайтып, ауа температурасы 22–33 градус шамасында болады.
Айта кетелік бүгін Ақтөбе, Балқаш, түнде Қостанай қалаларында ауа сапасы нашарлаған еді.