Демалыс күндері Алматыда қандай нысандар жұмыс істемейді
Оның айтуынша, демалыс күндері карантин шараларын қадағалайтын мониторингілік топ жұмыс істейді.
«Демалыс күндері тұрғындарға сыртқа шығуға рұқсат етіледі, саябақтарға, алаңдарға, жағалауға баруға болады, бірақ міндетті түрде маска тағу қажет. Серуендеуге шыққандардың саны үш адамнан аспауы тиіс. Сонымен қатар, әлеуметтік қашықтықты сақтау маңызды. Демалыс күндері қоғамдық көліктің қозғалысына, 65 жастан асқан адамдардың көшеге шығуына, сауда, ойын-сауық орталықтары (ондағы азық-түлік супермаркеттері мен дәріханаларды қоспағанда), сауда үйлерінің, сауда желілерінің жұмысына, сұлулық салондары, шаштараздар, СПА-орталықтары, косметологиялық қызмет көрсететін нысандардың жұмысына тыйым салынады»,– деді Гүлнара Мәдимарова.
Сонымен қатар, ол карантиндік шараларды сақтамағандар жауапқа тартылатынын атап өтті.
«Түнгі клубтар, компьютерлік мекемелер, бильярд, түнгі барлардың жұмысына тыйым салынған. Егер олардың жұмыс істегені анықталса, мекеме иелеріне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабының 1-бөлігі бойынша айыппұл салынады», - деп ескертті спикер.