Демалыс күндері Астанада 10 мың текшеметрден астам жаңбыр суы сорылып алынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен демалыс күндері елордада жауын-шашынның бір айлық мөлшері жауды. Соның нәтижесінде қаладағы кейбір көшелерде көлік қозғалысы шектелді.
Елорданың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеуде, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми порталы.
Астана қаласы коммуналдық шаруашылық басқармасының хабарлауынша, екі күннің ішінде (16-17 мамыр) қалалық коммуналдық қызметтердің күшімен 10 мың текшеметр жаңбыр суы сорылып алынды.. 17 мамыр күні «Алматы» ауданында 4242 текшеметр, «Сарыарқа» ауданында 2989 текшеметр, «Есіл» ауданында 1177 текше метр жаңбыр суы сорылды. Бүгін 80 жуық мамандандырылған техника тиісті жұмыстарды жүргізуге тартылды.
Қазгидрометтің хабарлауынша, жауынды ауа-райы үш күн бойы сақталмақ. Атап айтсақ, 18 мамырда жаңбыр жауып, оңтүстік батыстан 9-14 м/с жылдамдықпен жел соғады. Ауа температурасы түнде +10+12°С, күндіз +18+20°С құрайды.
Сонымен қатар, синоптиктердің болжамынша, мамыр айының 19-20 жұлдыздарында да күн жауын-шашынды болады.