Демалыс күндері Астанада алғаш рет дуатлоннан жарыс өтеді - ВИДЕО

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығын мерекелеуге орай қала әкімдігі елордада алғаш рет «Астана-дуатлон 2015» жарысын өткізеді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
None
None

Қатысушылар велосипедпен 15 шақырым қашықтықты бағындырып, жартылай марафонда 5 шақырымға жүгіреді. Жолдың жалпы ұзындығы мерейтойлық датаға орайластырылған.

Спорттық шара 29 тамызда сағат 10:00-де «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңнан басталады. Айта кетейік, әрбір қатысушының уақыты тіркеу кезінде берілетін дербес чиптің көмегімен жеке белгіленетін болады.

Тіркеу сөренің жанындағы аумақта сағат 7:00-ден 9:30 дейін өтеді. Әрбір қатысушы жарыс басталмас бұрын арнайы орнатылған пункттерде медициналық тексеруден өтеді. Бұдан басқа, велосипедтерге тегін қызмет көрсету де қарастырылған.

Демалыс күндері елордада өтетін дуатлон жарысында жүлделі орындар ерлер мен әйелдер арасында үш жас санаты бойынша анықталатын болады. Жеңімпаздардың ең жас санаты 16-35 жас аралығында, сондай-ақ екінші санат 36-50 жас аралығында және соңғысы 51 жастан асқан спортшылар арасында анықталады.

Бас жүлде - беделді фитнесс-клубқа жылдық абонемент- «Астана-дуатлон 2015» абсолютті чемпионына табысталады. Жарыстың екі кезеңін де ең аз уақыт аралығында бағындырған спортшы жасы мен жынысына қарамастан абсолютті чемпион аталады. Сонымен қатар, әрбір дуатлет мәреден кейін өткізілетін лотерея ұтысында бағын сынайды.

Жарысқа кез келген велосипедпен қатысуға болады. Спортшы міндетті түрде дулыға киюі керек.

Соңғы жаңалықтар