Демалыс күндері Астанада Жамбыл облысының жәрмеңкесі өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы демалыс күндері Астанада Жамбыл облысының жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Астана қаласының 20 жылдығына орай 4-5 тамыз күндері елордада «Қазақстан» спорт кешені аумаңғында өтетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрме-жәрмеңкесіне Жамбыл облысы мен Тараз қаласының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері келеді.
Жәрмеңкеде жалпы құны 121,6 млн теңгенің 365,7 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары ұсынылады. Атап айтқанда 30 тонна ет (жылқы, сиыр, қой және тауық еті), 19 тонна сүт өнімдері, 5 тонна шұжық өнімдері, 5 мың дана жұмыртқа, 5 тонна қарақұмық, 5 тонна күріш, 20 тонна қант, 6 тонна өсімдік майы, 5 тонна балық, 2,5 тонна бал, 1,5 тонна кондитерлік өнімдер мен 2 тонна макарон өнімдері, 0,5 тонна тұз, 2 тонна кептірілген жеміс және 257,2 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері.
Аталған жәрмеңке облыстың тауар өндірушілеріне өз тауарларын делдалсыз, тікелей тұтынушыларға сатуға мүмкіндік береді. Жәрмеңкедегі тауарлар бағасы нарық бағасынан 10-20 пайыз төмен болады.