Демалыс күндері Астанаға айлық нормадан асатын қар түсті - әкімдік

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана әкімдігінің баспасөз қызметі берген мәлімет бойынша, демалыс күндері қалаға айлық нормадан асатын қар түскен, - деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

«Қаланың коммуналдық қызметтері тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. «Қазгидромет» РМК деректері бойынша, қаладағы жауын-шашынның ай сайынғы нормасы – 22 мм. Ал кейінгі үш күнде Астанаға 37,6 мм қар түсті.

Барлық коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды. Қар тазалау жұмыстарында күн сайын 2,2 мыңнан астам жол жұмысшысы, мыңнан астам арнайы техника тартылып отыр», - деп жазылған әкімдіктің баспасөз қызметі ұсынған мәліметте.

Әкімдіктің ақпаратына сүйенсек, сәуірдің 16-сынан 17-сіне қараған түні елорда аумағынан 23 мың текше метрден астам немесе 1 671 машина қар шығарылған.

«Қыс басталғаннан бүгінге дейін қар төгетін полигондарға 4 миллион текше метрге жуық қар шығарылды. Бұл 318 мыңнан астам рейс деген сөз.

Күн райының нашарлауына байланысты қалада көлік қозғалысының қарқыны төмендеді. Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін жол қозғалысына қатысушылардан өте мұқият болуды сұраймыз», - деп жазады әкімдік өкілдері.


Соңғы жаңалықтар
telegram