13:26, 20 Қазан 2017 | GMT +5
Демалыс күндері Қазақстанның солтүстігінде жаңбыр жауып, соңы қарға ұласады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Синоптиктер 21-23 қазан күндері Қазақстанның солтүстігінде жаңбыр жауып, соңы қарға ұласады деп болжауда.

«Қуатты атмосфералық ағынның Қазақстанның солтүстік жартысы арқылы қозғалуы демалыс күндері жауын-шашынға себеп болады, жауған жаңбырдың соңы қарға ұласуы мүмкін. Кей өңірлерде батыстан күшті жел соғатыны күтілуде», - делінген «Қазгидромет» РМК хабарламасында.
Ресейдің еуропалық бөлігінің орталық аудандарында жаңа циклон түзіліп жатыр, ол жексенбі күні Қазақстанның батыс облыстарына, ал дүйсенбіде орталық және солтүстік өңірлерге жетеді.
Осыған орай суық циклон, жауын-шашын болады деген болжам жасайды синоптиктер. Оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарда жоғары атмосфералық қысымның әсерінен демалыс күндері жылы ауа райы сақталады, көп жерлерде жауын-шашын болмайды.