Демалыс күндері республикада қатты аяз күтіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазгидромет» РМК 2016 жылдың 19-21 қарашасы демалыс күндеріне арналған ауа райы болжамын таратты.
«Сібірдің солтүстік аудандары үстінде қалыптасқан суық және ауқымды антициклонның салдарынан Қазақстанда нағыз қысқы ауа райы орнады.
Алдағы демалыс күндері республикада аяз арктикалық ауаның жаңа үлестерінің келуімен күшейетін болады. Солтүстік, орталық және шығыс облыстарда түнгі температура 30-35º, кей жерлерде 40º аяз, батыста 20-28º аяз күтілуде.
Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында да суық, қар жауу, кей жерлерде өте күшті шығыстық жел, боран күтілуде. Ауа температурасы алдағы үш тәулікте Қазақстанның барлық аумағында климаттық мәннен төмен 13-20ºС сақталады», - деп жазылған хабарламада.