Демеу Жадыраев Париж Олимпиадасының жартылай финалына шықты
ПАРИЖ. KAZINFORM – Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарының ширек финалында белдескен грек-рим күресінің шебері Демеу Жадыраев қарсыласынан айласын асырып, жартылай финалға шықты.

77 келі салмақта күрескен отандасымыз ширек финалда екі дүркін әлем чемпионы, Токио ойындарының күміс жүлдегері қырғызстандық Ақжол Махмудовтан 3:1 есебімен басым түсті.
Осылайша Демеу Жадыраев Олимпиада ойындарының жартылай финалына шықты.
Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ол эквадорлық Джейр Куеромен белдесіп, қарсыласын 8:0 есебімен таза жеңген болатын.
Айта кетсек, грек-рим күресінен ел құрамасында Демеуден басқа Айдос Сұлтанғали (60 келі), Әлімжан Сыздықов (130 келі), Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) бар.
5 тамызда Айдос Сұлтанғали алғашқы белдесунде Қырғызстан мықтысы Жоламан Шаршанбековке есе жіберді.
Ал Әлімжан Сыздықов алдымен румыниялық Алин Алексус-Циурариуден басым түсіп, одан кейін әзербайжандық Сабах Шариатиден ұтылды.
Сондай-ақ Париж Олимпиадасында еркін күрестен Азамат Дәулетбеков (86 келі), Әлішер Ерғали (97 келі) және Юсуп Батырмырзаев (125 келі) ел намысын қорғайды.
Күрес түрлерінен жарыстар 5-11 тамыз аралығында өтеді.