Демеушілік көмектің арқасында астаналық екі мүгедек бала шетелде емделіп келеді

СТАНА. Шілденің 27-сі. ҚазАқпарат /Жанна Қорқытова/ - Демеушілік көмектің арқасында астаналық екі мүгедек бала шетелге барып емделе алатын болды. «Мүгедек балалар қоғамының» аясында ұйымдастырылған «Ғажайыпты өз қолыңмен жаса» бастамашыл тобы мүмкіндіктері шектеулі балаларды қолдауға бағытталған осы аттас әлеуметтік жобасын қорытындылады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне топтың еріктілері хабарлады.

Демеушілік  көмектің арқасында  астаналық  екі мүгедек  бала  шетелде   емделіп  келеді

Ағымдағы жылы наурыздың 19-ында басталып, 4 айға созылған жобаның мақсаты - шұғыл операцияларға мұқтаж мүгедек балалардың емделуіне қаражат жинау болатын.

Демеушілердің көмегінің арқасында жиналған сома 170 мың АҚШ долларын құрап отыр. Балаларға жеке тұлғалармен қатар, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры және «Эдем-Құрылыс» құрылыс компаниясы көмек көрсетті. Бірінші кезекте тұрған операциялардың жалпы құны 60 мың АҚШ долларын құрайды.

Бастамашыл топтың өкілдері кеше мүгедек балалардың ата-аналарына чектер табыс етті. 9 жастағы Рамазан Есмағамбетовке 4,5 миллион теңге соманың чегі берілді. Рамазан 2-3 жылға созылатын, кейіннен Мәскеуде оқтын-оқтын тексерілуді қажет ететін ұзақ ем-домға мұқтаж. Ол емделуге тамыз айында аттанады.

Осынау жоба аясында, 14 жастағы Айдос Санақбаевтың ата-анасына 5,2 миллион теңге бөлініп отыр. Айдос қазір Германияда емделіп жатыр.