Демограф-ғалым Мақаш Тәтімовтың «Елбасы және ел саны» деп аталатын кітабы жарық көрді

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл Мақаш Тәтімовтың еліміздің Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевпен Украинадағы металлургтердің техникалық училищесінде бірге өткізген студенттік жылдары мен кемелдену кезеңін саралай келіп, қоғам мен мемлекеттің көкейкесті мәселері жөнінде баспагер Ғарифолла Әнеспен ой бөлісуінен туған дүние.
«Осыдан 51 жыл бұрын Қазақстаннан жұмысшы-металлург мамандығын алуға бір топ балаң жігіттер Украинаға оқуға бардық. Днепродзержинск қаласына жолдамамен барған 72 жас 3 мамандық бойынша оқыдық. Алдағы жылы біздің ортамыздан шыққан Елбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев 70 жасқа толады. Сол себепті мен ҚР Президентінің өмірін пайдаланып демографиялық тарихымызды ғылыми електен өткізіп, мықтап шегелеп тастауды мақсат тұттым. Өйткені қазіргі демографиялық тасқын біздің халқымыздың өміріндегі ең соңғы үлкен серпіліс болуы мүмкін. Енді бұл тасқынның деңгейін қаншалықты жоғары көтерсек, демографиялық екпін соншалықты ұзаққа созылмақ. Бұл тасқын 3-4 ұрпаққа дейін жетуі мүмкін», дейді Орталық Азия университетінің ректоры, белгілі демограф, саясаттану ғылымының докторы Мақаш Тәтімов. Оның айтуынша, еліміздегі демографиялық жаңғыру үрдісі сонау 1940 жылы-ақ басталған болатын. Бірақ алапат зұлматтардан кейінгі бұл өсімнің қарқыны қазіргідей жоғары деңгейде болған жоқ.