Демографиялық өсім Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді

экономика
Коллаж Kazinform / Midjourney

Қазақстанның демографиясы елдің әлеуметтік және экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады. 14 қараша күні елімізде халық саны 20 миллионға жетті. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, соңғы 30 жылда халық саны 22,3%-ға өскен. Мәселен 1991 жылы Қазақстанның халық саны 16,4 млн адамды құраған еді. Халық санының көбеюі білім, еңбек нарығы және денсаулық сақтау секілді салаларға салмақ түсіретіні түсінікті. Осы орайда Kazinform сарапшысы Қазақстандағы демографиялық өсім ел экономикасына оң серпін бере ала ма деген тақырыпты зерделеп көрді.

Көптен күткен жаңалық: Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстан халқының ресми саны 2023 жылғы 1 қарашада 19 млн 992 мың 289 адамға жеткен. Соңғы 30 жылда елімізде халық 22,3%-ға өскен. Мәселен 1991 жылы Қазақстанның халық саны 16,4 млн адамды құраған еді. Тәуелсіздік жылдарында ел халқы 22,3%-ға өсті. Бала туудың ең жоғары көрсеткіші 2021 жылы тіркеліп, 446 мың баланы құрады. Жалпы өлім-жітім 1991 жыл мен 2022 жылды салыстырғанда 6,8 есе төмендеді. Ал сәбилер шетінеуінің коэффициенті 3,5 есе төмендеген. 2022 жылы туудың жалпы коэффициенті 1 әйелге 3 баланы құрады. Сондай-ақ былтыр, халықтың өмір сүру ұзақтығы 74,4 жылды құрады. Бұл ретте ерлердің орташа өмір сүру ұзақтығы 7 жылға, әйелдердікі – 6 жылға өсті.

халық саны
Инфографика: Kazinform

 

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 14 қараша күні қазақстандықтарды халық санының 20 миллионға жетуімен құттықтады. «Халқымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді», - деп жазды Президент.

Сандар сөйлесін: Қазақстанда ерлер көп пе, әйелдер ме?

Қазақстандағы әйелдер саны ерлер санынан басым. 2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша олардың саны жарты миллионға (536,3 мың адамға) артық болды. Пайызбен айтар болсақ, ерлер үлесі – 48,6% (9 324 840 адам), әйелдердікі – 51,4% (9 861 175 адам). Алдыңғы санақпен салыстырғанда ерлер саны 1,6 млн, әйелдер 1,5 млн артқан. Яғни елімізде 1000 әйелге 946 ерден келеді. Сарапшылардың сөзінше, демография ерекшеліктеріне байланысты 36 жасқа дейінгі ер адамдар саны әйелдерге қарағанда көп, содан кейін ғана олардың саны арақатынасқа салғанда азая бастайды (36 жастан асқан әйелдер саны 736 мың адамға көп). Бұл ретте ерлер әйелдерден тек екі өңірде – Қызылорда және Түркістан облыстарында көп, онда 1000 әйелге сәйкесінше 1006 және 1027 ер адамнан келеді.

ерлер мен әйелдер
Инфографика: Kazinform

 

Демографиялық болжам: Еңбекке қабілетті халық саны қаншаға өседі?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспановтың айтуынша, ұзақ мерзімді демографиялық болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай еңбекке қабілетті жастан асқан халық саны 25%-ға, ал 2050 жылға қарай 1,7 есе өседі. Еңбекке қабілетті жасқа дейінгі халық саны 2030 жылға қарай не бәрі 2%-ға, еңбекке қабілетті жастағы - 11% -ға өседі, бұл ретте 2050 жылға қарай өсім тиісінше 41% және 36% құрайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, 2050 жылға қарай демографиялық жүктеме коэффициенті Абай, Түркістан және Ұлытау облыстарында 100% - ға жақындайды.

«Бірқатар өңірлерде жұмыс күшінің саны 45%-ға дейін қысқаруы мүмкін»

«2034 жылға қарай Қазақстандағы жұмыс күшінің саны 10 млн адамнан асуы мүмкін, ал 2050 жылға қарай жұмыс күшінің саны демографиялық көрсеткіштердің динамикасына байланысты 11-12,5 млн адамға жетуі ықтимал, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 18-34% өседі деп болжанады. Бірқатар өңірлерде (негізінен солтүстік, орталық және шығыс) жұмыс күшінің саны 25-тен 45%-ға дейін қысқаруы мүмкін болса, Астана және Шымкент қалаларында ол екі еселенеді деп күтілуде», - деді Ербол Оспанов.

халық саны
Инфографика: Kazinform

 

Экономикалық зерттеулер институты 2010-2023 жылдар кезеңінде еңбекке қабілетті халыққа жалпы демографиялық жүктеме коэффициенті 36,1%-ға өскенін мәлімдеді. Егер 2010 жылдың басында елде 1000 еңбекке қабілетті азаматқа (15-64 жас) 450 бала (0-14 жас) және қарт адамнан (65 жастан асқан) келсе, 2023 жылдың басында ол көрсеткіш 613 болған.

еңбекке қабілетті жас
Инфографика: Kazinform

 

«Қазақстан халқы 2050 жылға қарай 27 миллионнан асуы мүмкін»

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» сарапшылары туу, өлім және көші-қон көрсеткіштерінің негізінде демографиялық болжам дайындады. Талдауға сәйкес, Қазақстан халқының саны 2030 жылға қарай 20,8 млн - нан (теріс сценарийде) 21,5 млн-ға дейін (оң сценарийде), ал 2050 жылға қарай 23,5 млн-нан 27,7 млн-ға дейін жетуі мүмкін. Бұл ретте, егер өлім мен туу көрсеткіштері 2021 жылғы деңгейде, ал сыртқы және өңіраралық көші-қон 2017-2021 жылдардағы орташа мәнде сақталса, Қазақстан халқының саны 2030 жылға қарай 20 млн 958 мың адамға, ал 2050 жылға қарай – 27 млн 192 мың адамға жетеді.

ЕРДО Болжамдау департаментінің директоры Дмитрий Шумековтің айтуынша, 2030 жылға қарай орталық сценарий бойынша халық саны Астана қаласында – 420 мың адамға немесе 33% - ға - 1,7 млн адамға дейін, Алматы қаласында – 414 мың адамға немесе 20% - ға - 2 млн 466 мың адамға дейін, Шымкент қаласында – 369 мың адамға немесе 32% - ға - 1,5 млн адамға дейін өседі.

Халық аз өңірлерге қоныс аудару бағдарламасы мәселені шеше ала ма?

Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықтың көші-қоны саласындағы саясат түбегейлі қайта қаралған болатын. Алдағы бес жылға (2023-2027 жылдар) арналған жаңа тұжырымдама қабылданды. Осы Тұжырымдама шеңберінде қысқа, орта және ұзақ мерзімді кезеңдерге арналған оқиғалардың даму сценарийлерін ескере отырып, экономиканың қажетті жұмыс күшіне қажеттілігін қамтамасыз ету бөлігінде негізгі стратегиялық мақсаттар айқындалған. Соның нәтижесінде елдің солтүстік және оңтүстік өңірлері арасындағы демографиялық және еңбек теңгерімсіздігі тегістеледі деп күтіледі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспановтың айтуынша, қазіргі таңда жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару тетіктері қарастырылған. Сонымен қатар, оңтүстіктен солтүстікке өз еркімен қоныс аудару үшін Үкіметтің қаулысымен қоныстану өңірлері айқындалған. Бұл ретте шығатын өңірлер, яғни халық көп шоғырланған аймақтар - Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары және Астана, Алматы, Шымкент қалалары. Осы өңірлердің тұрғындары солтүстікке көшсе, субсидия ала алады. Ол өз сөзінде ерікті қоныс аудару қағидаларына сәйкес субсидиялар түрінде қандай мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілетінін айтып берді.

Ерікті қоныс аудару қағидаларына сәйкес субсидиялар түрінде мынадай мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі:

- көшуге (отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК-тен біржолғы төлем);

- тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды жабу үшін (ай сайын 12 ай ішінде қалаларда бір отбасына 20-дан 30 АЕК-ке дейін, аудандарда 15-тен 21 АЕК-ке дейін төленеді);

- қоныс аударуға жәрдемдесетін жұмыс берушілер үшін (400 АЕК мөлшерінде).

Қоныс аудару кезінде экономикалық ұтқырлық сертификаты берілетін болады.

«Жаңа құрал құнының 50% мөлшерінде, бірақ 4 млн. теңгеден аспайтын мөлшерде тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл ретте мұндай тұрғын үйді қайталама нарықта немесе екінші деңгейдегі банктер арқылы кредит беру арқылы сатып алу құқығы беріледі. Сондай-ақ, қоныс аударушы сертификат қаражаты есебінен өз тұрғын үйін сала алады», - деді Ербол Оспанов.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрінің мәліметінше, 2023 жылы қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы қоныс аударушы 8 602 адам (1 925 қандас және 6 727 қоныс аударушы) көлемінде бекітілген. Ал 2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша жұмыс күші көп өңірлерден солтүстік өңірлерге 7 992 адам (2 272 отбасы) немесе жоспардың 92%-ы қоныс аударған.

Әлем халқының саны 8 млрд адамға жетті

Былтырғы қарашада Біріккен Ұлттар Ұйымы әлем халқының саны 8 миллиардқа жетті деп хабарлады. Бұған дейінгі межеге - 7 млрд адамға 2011 жылы жеткен болатын. Яғни соңғы 11 жылда дүние жүзінің халқы 1 млрд көбейді. Көрсеткішті Азиядағы демографиялық өсім көтерген. Африкадағы халық санына тағы 400 миллионға жуық адам қосылған. Халық саны артқан елдердің көшін Үндістан бастап тұр. Үндістан халық саны 177 млн адамға көбейген. Қытайға 73 млн адам қосылған, болашақта олардың саны азаймақ. Үшінші орында – Нигерия. Әлем халқы санының артуына Еуропаның үлесі тым аз екені көрсетілген. Тіпті «Кәрі құрлықта» халық саны азайып жатыр. 2037 жылға қарай жер бетінде тоғыз миллиард адам, 2058 жылы 10 млрд адам болады деген болжам бар. Біріккен Ұлттар Ұйымы әлем халқының ең жоғары шегі 2080-2100 жылдар аралығында шамамен 10,4 млрд-қа жетеді деп отыр.

Жалпы, БҰҰ сарапшыларының мәліметтеріне сәйкес, былтыр қараша айында әлем халқының саны 8 млрд адамнан асқанына қарамастан, соңғы уақытта өсім біртіндеп баяулап қалғаны байқалады. Мәселен, 2019 жылы халық өсімі 76 млн адамды құраса, 2021 жылы 68 млн адам болды. Сонымен қатар, 2050 жылға қарай халықтың болжамды өсімінің жартысынан көбі (1,8 млрд адам) тек сегіз елде шоғырланатын болады: Үндістан (253 млн), Нигерия (159 млн), Пәкістан (132 млн), Конго Демократиялық Республикасы (118 млн), Эфиопия (91 млн), Танзания (64 млн), Египет (49 млн), Филиппин (42 млн). БҰҰ мәліметтері бойынша, биыл Қытай халық саны бойынша Үндістанға жол берді. Болжам бойынша 2030 жылға қарай үнділер саны 1 миллиард 515 миллион адамды құрайды, ал Қытайда 1 миллиард 416 миллион адам болады, яғни үнділер саны қытайлардан 100 миллион адамға асып түседі. 2050 жылға қарай Үндістан халқының саны 1,7 млрд адамға жетеді, Қытай – 1,3 млрд адамға дейін азаяды. 2050 жылға қарай әлемдегі халық саны бойынша үшінші ел Нигерия болады. Ондағы халық саны 2050 жылы 377 миллион адамға жетуі тиіс (2022 жылы 218 миллион адам тұрады), АҚШ төртінші орынға түседі, 2050 жылы ондағы халық саны 375 миллион адам болады (2022 жылы 339 миллион адам), халық саны бойынша бесінші ел Пәкістан болады, ондағы халық 368 миллион адамға жетеді (қазір 236 миллион адам), ал алтыншы – Индонезияда 2050 жылы 317 млн тұрғыны болады (қазір 275 миллион адам).

«Демографиялық саясатты бақылайтын бірде-бір орган жоқ»

Қуатты мемлекеттің даму даңғылын даралайтын ең негізгі фактор – демографиялық өсім. Күні кеше Қазақстанның халық саны 20 млн адамнан асты деп қуанғанымыз рас. Осы орайда, еліміздің демографиялық дамуында қандай мәселелер бар екенін демография магистрі Аяулым Сағынбаевадан сұрап көрген едік. Ол өз сөзінде Қазақстандағы осы саладағы жағдайды демографиялық саясаттың жоқ болу әсерінен екенін тілге тиек етті.

«Менің айтқым келетін басты мәселе – Қазақстанда осы демографиялық саясатты жүзеге асыратын және бақылайтын, яғни демографиялық жағдайды кешенді түрде қарастыратын уәкілетті орган жоқ. Бізде тек гендерлік саясат пен отбасылық саясат тұжырымдамасы ғана бар. Ал ол саясат түрлері демографиялық саясат емес, оны бір саясат деп қарастыруға келмейді», - деді демограф Аяулым Сағынбаева.

Ұлттық статистика бюросының статистикасы бойынша, биылғы оқу жылында Қазақстан мектептерінде оқушы орындарының тапшылығы 270 мыңнан асты. Алматы, Маңғыстау, Атырау, Түркістан және Павлодар облыстарында оқушы саны көп мектептер бар. Бүгінде бірқатар мектепте балалар үш ауысымда оқып жатыр. Ресми дерекке сәйкес, оқушы орындары тапшылығының 60 %-ын (шамамен 160 мың) осы өңірлерге тиесілі екенін көрсеткен. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстандағы мектептердің саны 1,4 мың бірлікке (9 мыңнан 7,6 мыңға дейін) азайған. Жабылған білім ошақтарының көбі болашағы жоқ ауылды жерлерде орналасқан, оның жабудың басты себебі білім алатын бала болмауымен түсіндірілген болатын. Бүгінде білім алушылардың саны 3,7 миллионнан асты, оның ішінде 2,2 миллион оқушы қалалық жерде, қалған 1,5 миллионы ауылдық мектептерде білім алып жатыр.

Осы орайда, демограф мектеп және балабақша жетіспеушілігі қазірдің өзінде өте өзекті мәселе екенін атап өтті.

«Мектеп және балабақша жетіспеушілігі қазіргі таңда өзекті мәселе. Бұл мәселені жіті бақылар болсақ, оңтүстік және батыс өңірлерде бала туу көрсеткішінің жоғары болуы нәтижесінен туындаған демографиялық мәселелер болса, шығыс,солтүстік және орталық өңірлерде демографиялық қартаю мен туу деңгейінің төмен болу мәселелері депопуляцияға әкеліп отыр»,- деді ол.

Маман демографиялық өсім еңбек нарығына қалай әсер ететіні туралы да айтып берді.

жұмыс
Коллаж: Kazinform / Pixabay

 

«Демографиялық өсім еңбек нарығына оң жағынан да теріс жағынан да әсер етуі мүмкін. Демография дегеніміз - халық. Бұл жерде халықтың саны бұл нарықтың дамуы. Өйткені тауарлар мен қызметтердің тұтынушысы да, өндірушісі де - тұрғылықты халық. Тұтыну нарығына қойылатын талапты да қоятын сол халық. Осы орайда демографиялық жүктеме көрсеткіші бар. Ол қазіргі таңда Қазақстанда өсіп келе жатыр. Демографиялық жүктеменің коэффициенті көрсеткіші дегеніміз еңбекке жарамды 1000 адамға шаққандағы көрсеткіш түрі. Бұның 3 түрі болады. Жалпы жүктеменің 3 түрі бойынша да коэффициент көрсеткіші өскенін байқаймыз», - деді демограф Аяулым Сағынбаева.

Қорыта келе, қазір Қазақстан демографиялық жағдайға байланысты сын-қатерлер алдында тұрғанын байқамыз. Демографиялық әлеуетімізге ешқашан бей-жай қарауға болмайды. Мемлекет тұрақты дамуды, әлеуметтік тұрақтылықты және экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін демографиялық процестерді басқаруға міндетті. Әсіресе, көп балалы отбасыларды қолдау, демографиядағы жас-жыныстық құрылымның сапасына терең талдау жүргізе отырып, кешенді шаралар қабылдануы қажет. Сондықтан сарапшылар демографиялық саясатты жүзеге асыратын уәкілетті органның керек екенін алға тартып отыр.

Соңғы жаңалықтар