Демографиялық даму экономиканың өсуіне және мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей әсер етеді - Г.Әбдіқалықова
АСТАНА. Қазанның 9-ы. ҚазАқпарат /Құралай Орынбекқызы/ - Демографиялық даму экономиканың өсуіне, елдің қорғаныс қабілеттілігін қамтамасыз етуге және мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей әсер етеді.
Бұл туралы бүгін елорданың Ұлттық ана мен бала орталығында «Этнодемографиялық мәселелер» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінде демографиялық мәселелердің үлкен стратегиялық маңызы бары белгілі. Елбасымыз осы мәселеге көп көңіл бөліп, соңғы кездері біршама шаралар қабылданып жатыр. Кеше ғана көпбалалы аналарға берілетін алтын, күміс және қола алқаларына қатысты көптеген жаңа өзгерістер қабылданды. Оның өзі оң ілгерілеу береді деп ойлаймын», деді Г.Әбдіқалықова. Ведомство басшысының айтуынша, демографиялық даму экономиканың өсуіне, елдің қорғаныс қабілеттілігін қамтамасыз етуге және мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей әсер етеді.
Дөңгелек үстелде жалпы елімізде демографиялық көріністің өзгергендігі сөз болды. Ең маңызды көрсеткіштердің бірі - туу коэффициенті артуда, яғни 2000 жылғы 14,9 пайыздан 2008 жылы 23 пайызға өсті. Осы көрсеткіштер экономикалық өсудің көзі - халықтың бала туу көрсеткішінің артуының айқын дәлелі.