Демократия институты Президенттік сайлау науқанына мониторинг жүргізбек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Азаматтық альянсының тапсырысы бойынша президенттік сайлау науқанының барысына мониторинг жүргізілетін болады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Демократия институты» қоғамдық ұйымының директоры Юлия Кучинская мәлім етті.

Демократия институты Президенттік сайлау науқанына мониторинг жүргізбек

Институт басшысының айтуына қарағанда, электоралды кезең алдындағы қоғамдық пікірге мониторинг жүргізу негізінен үш сатыдан тұрады. «Оның бірінші кезеңі 15 наурыздан бастап жүргізілуде және наурыздың 25-іне дейін жалғасады. Екінші кезеңінде 1-7 сәуір аралығы қамтылады. Соңғы үшінші кезең - 10-18 сәуір аралығын қамтиды. Бұл кезеңдер бойынша зерттеу нәтижелерін біз жариялап отыратын боламыз», - деді брифинг барысында Ю.Кучинская.

Оның айтуына қарағанда, әрбір сауалдамаға Қазақстанның барлық өңірлерінен 2000 респондент қатысады. Әлеуметтік зерттеу әрбір өңірдің қалалық және ауылдық елді мекендерін теңдей қамтымақ. Бұл ретте зерттеу нәтижесі бойынша ауытқулар орташа алғанда 2,7 пайыздық шекте болады.

Тағы да еске сала кетейік, ҚР Президентінің сайлауы кезеңінде электоралды науқанға мониторингті «Қазақстанның Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің тапсыруы бойынша «Демократия институты» Ғылыми-зерттеу қауымдастығы» қоғамдық ұйымы жүзеге асыратын болады.